Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  144


Автор: Ибрагим Иса

Ата тілегі

Арманы ғой біз сияқты кімнің де,
Жетеміз бе, жетпейміз бе бұл күнге.
Деп жүргенде куә болып отырмыз,
Бұл бақытты тілер едік әркімге.
Жаратушы ықыласын бұрғаны-ай,
Өте шықты осыншама жыл қалай!
Бой жеткенін көрсек деуші ек Әнелдің,
Көрдік оны, таусылмайтын арман-ай!
«Енді, енді,
енді, енді» деуменен,
Көріп жүрміз қуанышты көрмеген.
Айтар едім бақытты жан бізбіз деп,
Бақыт жайлы сұрай қалса ел менен.
Байқамаппыз уақыттың тез өткенін,
Шығарып сап, қалады енді мектебің.
Сағынышпен еске алатын боласың,
Апайыңның кейде ұрысып кеткенін.
Енді есейдің, жаңылмайсың сағаттан,
Кешікпейсің енді алғашқы сабақтан.
Бақытыңмен толтырасың сен енді,
Уақытыңды балалықпен жоғалтқан.
Аялаумен сенің ұйқың, күлкіңді,
Соншама жыл қорған болып кім тұрды?
Заида әжең жүрсін жүрек төрінде,
Бір күндері есіңе алсаң бұл күнді.
Аман жүрсем, айналайын батамды ал,
Туған үйің дейтін шағын Отан бар.
Сол Отанда сені ерекше сүйетін,
Әжең менен атаң бар.
Қазір өстің, үлкендермен теңестің,
Бала ғой деп шеттетпейді сені ешкім.
Бұл дүниеде жанын берер сен үшін,
Дастан менен Мираскүлдей жоқ ешкім.
Нық басатын күнің алда өкшені,
Жақсылықтың жия берсең жоқ шегі.
Танитындар құрметтейді қашанда,
Екі ақынның немересі деп сені.
Үлкен жолың, алыс жолың басталды,
Өмір деген жұмбағы мол, астарлы.
Ескі достар жүрегіңде жүргенмен,
Табасың ғой енді жаңа достарды.
Азамат пен Адам деген бір ұғым,
Осы екі атың шарықтасын, шырыным.
Мықты болсын сен шығатын тепкішек,
Құтты болсын он бір жылдық білімің!
Келер талай алдан күткен көктемің,
Естелік боп қалар бұл күн, өткенің.
Ең алғашқы Еңбек Ері атанған,
Бітірдіңдер Аягүлдің мектебін.
Бұл мақтаныш сендер үшін арайлы,
Жеттіңдер – ау бір арманға талайғы.
Сол мектептің абыройын түсірмей,
Биік ұстап жүре алсаңдар жарайды!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу