Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  116


Автор: Ибрагим Иса

Қазиза ана қазасына

Дидар Амантайға
Жан шуағын құятын тек балаға,
Асыл жанды жоғалтуға бола ма.
Өтті өмірден, сені күтіп елжіреп,
Есік күтіп отыратын ұлы Ана.
Қиялымен жер-дүниені аралап,
Ой-мамыққа отыратын сені орап,
Өтті өмірден Асыл Ана, жаныңды
Түсінетін қабағыңа қарап-ақ.
Сен қуансаң қуанып көз ілетін,
Ойыңды да айтқызбай-ақ білетін.
Өтті өмірден қасиетті Анашың,
Бар бақытты саған тілеп жүретін.
Сен қуансаң көкірегін ән билеп,
Сен мұңайсаң отыратын жан күйреп.
Өтті Анаң, сені ғана жүретін,
Өмір бақи жүрегінде әлдилеп.
Ешқашан да толмас орны Анаңның,
Енді елжіреп отырады саған кім?
Енді ешкім айта алмайды Анаңдай,
Қанша қымбат екендігін бағаңның.
Ажал құрғыр тұрады ылғи тасада,
Өкінгенмен, күрсінгенмен не шара.
Дәл сондай боп жылу ұстап тұрмайды-ау,
Анаң сүйеп тұрған сол бір босаға.
Сұм тағдырға ешқандай да жоқ амал,
Жан болмайды сені Анаңдай бағалар.
Уақыт қана, бақыт қана емдейді,
Енді сенің жүрегіңді жарадар.
... Бар адамзат өздеріңе борышты,
Айналайын, қасиетті Аналар!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу