Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  137


Автор: Ибрагим Иса

Қарашаңырақ

Нұржан мен Анардың үйлену тойына
Қуанышы тарқалмайды бұл елдің,
Бүгіннен де қызық болар келер күн.
Әдебиеттің тарлана да осы елде,
Сыр бойында саңлағы да өнердің.
Ал, ағайын, жібер аттың тізгінін,
Қуаныштан мас болайық біз бүгін.
Жігіт шағын армандасын аталар,
Ал, әжелер қиялдасын қыз күнін.
Мұндай тойға келмейді ғой жат кісі,
Осы тойда тілектің де тәттісі.
Құнанбайдың әулетіне кеп қонды,
Тұрмамбет әулетінің ақ құсы.
Бүгінгі күн – басқа күннен шекер күн,
Мен де шекер шашуымды әкелдім.
Бір қуаныш қонып жатыр құс болып,
Шаңырағына Мырзахмет көкемнің.
2
Ұрпақпыз аталардың көшіне ерген,
Әулетпіз бұл күндері өсіп-өнген.
Бабамыз Қармақшы мен Балықшының,
Тарайдытүп-тамыры осы жерден.
Сияқты туған жердің қайыңдары,
Өсуде тұлға болар сай ұлдары.
Бұл күнде керегеміз кеңеюде,
Үш жүзге тамырымыз жайылғалы.
Жүр, қазір жаратушы жебеп бізді,
Өшірмей жүрміз әзір әдепті ізді.
Ақылды ұлдарымыз біз айтпай-ақ,
Табады келін болар керек қызды.
Соның бірі бүгінгі Нұржанымыз,
Нұржанның таңдауына ырзамыз біз,
Бір жағымыз кемісе кеткендермен,
Толысып келе жатыр бір жағымыз.
Құрығымыз түсіпті батыс жаққа,
Танысуға кетпейді уақыт босқа.
Бұл құданың бір қызын келін ғып ек,
Үйренген «жау» жақсы ғой атыспаққа.
Құдамызды білемін, ғажап адам,
Жүрегін жөргегінде тазалаған.
Құдағи қасиетті Қожа қызы,
Сүйсініп қарайтындай қазақ оған.
Алдында қасиетті қонақтардың,
Қазынасын кеудемнің тағы ақтардым.
Құтты болсын, ағайын, осынау бір,
Тұңғыш тойы Нұрлан мен Жанатжанның.
Ағайын қай кезде де тойға дайын,
Ағайының бар кезде бар ма уайым.
Нұржан – Анар, сендерге тілейтінім,
Бастарыңа бақ қонсын, айналайын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу