Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  109


Автор: Ибрагим Иса

Зиялы адам

Зейнолла Серікқалиев рухымен сырласу
Адамдықтың жинапсыз ең керегін,
Жан-дүниеңіз қашанда көркем еді.
Бұл жалғанда адалдық бар ма десе,
Аға, Сізді алдымен айтар едім.
Сияқты еңіз саялар бәйтерегім,
Көрсем келіп тұратын еркелігім.
Бұл жалғанда жомарттық бар ма десе,
Аға, Сізді ойланбай айтар едім.
Бағалаушы ек ерекше затыңызды,
Жан едіңіз пайымы, ақылы ізгі.
Бұл қоғамда зиялы бар ма десе,
Сіздің ғана айтар ем атыңызды.
Әрқашанда тұлғаңыз биік маған,
Байлығыңыз жоқ еді құлыптаған.
Адалдықтың шықтыңыз ақ шыңына,
Болып қана өттіңіз сүйікті Адам.
Жан емессіз жалтақтап, бұлғақтаған,
Өз ойыңыз бар еді салмақтаған.
Жұмсақ кісі жоқ шығар жаны Сіздей,
Сирек шығар дәл Сіздей сымбатты Адам.
Болашақты пайымдап, өткенді ұғып,
Жан едіңіз көп сырды кеткен бүгіп.
Сөзіңізбен танытып сардарлықты,
Жүзіңізде тұратын көктем күліп.
Биіктету орнына болашақты,
Қуыс кеуде кердеңдер аласартты.
Мына дүние құлпырып кетер еді,
Сіздей жандар көп болса парасатты.
Жақсы кісі жаманмен дос бола ма,
Ашық еді жаныңыз досқа ғана.
Өзіңізбен жарасып жүруші еді,
Жұмекен мен Сейфолла, Асқар аға.
Әдебиеттің ардақтап тазалығын,
Өзіңіздей електеп жазады кім?!
Қайратыңыз, Ағажан, кетті қанша,
Шығаруға биікке қазақ үнін.
Заман мынау, көңілдер әрі-сәрі,
Ұрпақтардың күңгірттеу болашағы.
Өзіңіздей тұлғалар қалды азайып,
Биіктетіп жүретін аласаны.
Ешбір дауа жоқ шығар бұл өлімге,
Жақсылардың кеттіңіз легінде.
Сіздей жанды шарасыз сағыну бар,
Халқыңыздың солғындау реңінде.
Көмілмейді көрініс көңілдегі,
Жылдар өтсін, жақсыны таниды елі.
Не жайсаңдар Сіз кеткен жақта бүгін,
Сіз бен біздер тұратын ақ үйдегі.
Жолыққанда жымиып майда ғана,
Сөз айтпайтын едіңіз айдалаға,
Сіздің мынау дүниеде жоқтығыңыз,
Бізге қатты батып жүр, қайран АҒА!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу