Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  89


Автор: Ибрагим Иса

Тұлға

Олжас Сүлейменовке
Қай ғасырда,
қай уақытта өиір сүрді...
керегі не,
Айналды Ол туған елдің ең бір зәулім терегіне.
Ұлы дүние жасап жатыр,
қашап жатыр тарих – тасты,
өз халқының тағдыры мен
мұңын құйып өлеңіне.
Әлі күнге шашылмаған,
ашылмаған қазынаны
Жазып жатыр,
тауыса алатын емес жалғыз жазып әлі.
Адамзаттың ақиқаты
жалғыз ғана Аллаға аян,
Қаламымен оның әлі
қанша тарих қазылады.
Кей қандастар /саяздық-ай/
қарайды оған үркіп кейде,
Олар үшін құзғын, қарға
қалқып ұшса бүркіт дей ме.
Шың басында тұрған шынар
бұлдырайды кейбір көзге,
Қарамаймыз биіктерге
көзімізді сүртіп кейде.
Халық үшін қиналғанды
қинағанның бәрі мыстан,
Қанша жарық жұлдыздар бар
төбемізден ағып ұшқан.
Тар түнектен алып шығып,
жарық күнге жақындаттың,
Семейдегі қандастарды
қансыраған жарылыстан.
Сенің орның биік бүгін,
сүйікті ұлын кім сүймейді,
Сені ойласам жүрек шіркін
қуаныштан дүрсілдейді.
Өзің сынды асыл ұлы
алып шығар асыл елін,
Қара аспаны күркіреген
азапты күн келсін мейлі.
Парасатты кейпіңе сай,
ойларың бар тасып, толған,
Сендей сері саңлағына
талай ару ғашық болған.
Сұңқарлардың саңқылындай боп жетеді қай кезде де,
Туған елге сенің үнің
қиялдағы қашықтардан.
Халқымыздың сан ғасыры
өтті қанша азаппенен,
Кезіміз көп илікпейтін
биліктерге сөз өтпеген.
Өткен күнді қалай ғана қаралаймын,
Өтті. Кетті.
Бақытты ғой, ей ағайын,
ОЛЖАСЫ бар қазақ деген!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу