Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  109


Автор: Ибрагим Иса

Бақытты жан

Жақсылықты тек жақсы жан көтермек,
Закең біздің жаралған жан шекер боп.
Таң қаламын, осыншама кең пейіл,
Жүрегіне қалай сыяды екен деп.
Байқағандар оның әппақ пейілін,
Айта алмайды бұл сөзіңді бекер деп.
Таң қаламын, осыншама мейірім,
Қай жеріне ұялады екен деп.
Аналардың көріп жүрміз талайын,
Закеңдей жан кездеседі ілуде.
Ұлылық қой, ірілік қой, ағайын,
Ұлы адамға серік бола білу де.
Кеткен кезде қуаныштар азайып,
Ұрпақтарға арнаймыз ғой уақытты.
Ұл өсірді, қыз өсірді ғажайып,
Немере мен шөбересі – бақытты.
Шындығында, Заке, әлі гүлсіз ғой,
Сүйеді жұрт өзіңіздей ақ құсын.
Жетпіс арман жетегінде жүрсіз ғой,
Жыл боп ұшқан жетпіс аққу – жетпісің.
Жүз деген жас екен деме тым алыс,
Шынымды айтсам, арманыңыз жоқ бүгін.
Жаныңыздан гүл боп өссін қуаныш,
Жыл боп самғап ұша берсін аққуың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу