Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  69


Автор: Ибрагим Иса

Тағы да ел жайлы

Білесің ғой, мен саған жерлес едім,
Тұрмасақ та бойында бір көшенің,
Ел жақты ойлап көп қалам, не болмаса,
Саған сонша жиі кеп тұрмас едім.
Ойлап қалма баратын жері жоқ деп,
Олай десең сенсіз де күнім өтпек.
Туған жерде бүр жарған нәзік шыбық,
Жүрегімде бірге жүр әлі көктеп.
Туған жердің шуағын сезінуге,
Сезінген соң сүйсініп көз ілуге,
саған қарай әйтеуір тартып кетем,
Таянғанда төзімім үзілуге.
Шай берсең де жетеді қатқан нанмен,
Әңгіме айтсақ жарайды өткендерден.
Жиі келіп жүр ғой деп ренжіме,
Не түседі сол үшін жек көргеннен.
Үлкейген соң арман да, ой да бөтен,
Бізді қала шын байлап қойған екен.
Қала саған, маған да тар болғанмен,
Бала-шағам осында, қайда кетем.
Шаршатпайтын бір дос бар – өлең деген,
Талай рет сол өлең мені емдеген.
Кетейінші деймін де ауыл жаққа,
Шығам да үйден...
бұрылып саған келем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу