Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  105


Автор: Ибрагим Иса

Азамат

Ауыл азаматы Нұржігіт Қалмырзаевқа
Қосылады бұлақтар бұлаққа ағып,
Өзен болар содан соң қуаттанып.
Ер жігіттер еліне нәр береді,
Қан жүретін тамырлар сияқтанып.
Қасиеті тұлпардың – шабысында,
Ел тағдыры ерлердің намысында.
Бақыт деген биік шың,
Өрмелейміз,
Жете алмайды бірақ та бәрі шыңға.
Орын тимей-ақ қойсын төрден күнде,
Бақыт деген қашанда елмен бірге.
Мансап деген асқынған ауру сынды,
Жазылмайды емделме емделдің не.
Қисық үйде құламас тіреу қойсаң,
Дос көбейер жақсылық тілер болсаң.
Абыройың, бағың да асқақтайды,
Халық жүдеп жүргенде сүйеу болсаң.
Бір ұғым бар өтпелі кезең деген,
Сол кезеңді уақыттың өзі емдеген.
Кішімен де тіл табар, кісімен де,
Жақсылардың ісі мен сөзі өлмеген.
Сондай ірі қазақ бар осы жақта,
Жөнсіз тоса бермейтін басын отқа.
Бас бола да білетін керек жерде,
Дос бола да білетін досы жоққа.
Жер жаннаты дейтін ел Түлкібасты,
Біз әлі де демейміз нарқы қашты.
Түлкібасты танытты талай ерлер,
Талай ердің Түлкібас атын ашты.
Шырайлы өлке
Аңсатқан шұрайлы өлке,
Күн нұры да бұл жаққа тарайды ерте.
Құлпырады өртеңге шыққан гүлдей,
Арулары ертеңге қарайды ерке.
Қай кезде де сүйейтін құлағанын,
Жұбататын қашанда жылағанын.
Ататұғын таң басқа Түлкібаста,
Жігіттері нар қасқа бұл араның.
Бұл өлкеде бар мықты, сымбатты адам,
Сымбатты адам қашанда қымбат маған.
Нұржігітті біледі алыс, жақын,
Абыройын ісімен салмақтаған.
Алыс, жақын біледі бұл адамды,
Тұрғызатын сүйеу боп құлағанды.
Жұбататын жетімді, жылағанды,
Шауып келіп жасайтын жақсылығын,
Тауып беріп жүретін сұрағанды.
Бір қазақтың баласы осы дейміз,
Нағыз жігіт ағасы Нұрағаңды.
Көп қой, шіркін қазақта терең ұғым,
Бағалайды ел кезінде керек ұлын.
Туған елдің дейтұғын желегімін,
Туған жердің дейтұғын терегімін,
Нұржігіттей жігітпен – абыройлы,
Қай кезде де кәсіпкер деген ұғым.
Кәсіпкерлік жас бала сияқты әлі,
Өзендерге ұмтылған бұлақтары.
Туған елге сәуле боп шашырайды,
Нұржігіттің тұтатқан шырақтары.
Ел сенеді, үміті бал – шекер боп,
Жақсылығын жасырмай көрсетер деп.
Ел сенеді,
Біздер да армандаймыз,
Бұндай жігіт көбірек болса екен деп.
Тас атпайтын ешкімге тасадан кеп,
Істерімен жақсылық жасаған көп.
Ақ, қараны білетін ажырата,
Шаттанады ел Нұржігіт осы адам деп.
Ажырата білетін ақ қараны,
Құмар емес оншама таққа жаны.
Туған жермен жүреді бірге түлеп,
Нұржігіт те елімен мақтанады.
Елі әрқашан Ерлерін бағалапты,
Жолатпайтын халқына жаманатты,
Азаматы шығарар елдің атын,
Ел шығарар Азамат деген атты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу