Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  222


Автор: Ибрагим Иса

Жан жылуы

Бауырым Сабыржан мен Светаға
Көңіліне қараймын да,
Сабыржан мен Светаның.
Жүрем жақын санаймын да,
Баласындай бір атаның.
Көңіл досты іріктейді,
Азайғанда жақын адам.
Өздеріңмен биіктейді,
Аласарса ақын ағаң.
Доссыз өмір өте мұңды,
Бар қызығын жоғалтқандай.
Құдай осы екеуіңді,
Бір мен үшін жаратқандай.
Ақылы бар азаматқа,
Білем түзу жол керегін.
Аға боп та, бала боп та,
Өздеріңе еркеледім.
Сүйікті етіп жүресіңдер,
Ағайынның арасын да.
Биіктете білесіңдер,
Сыйластықтың бағасын да.
Жүректерің темірді де,
Балқытады еріп кетіп.
Жүресіңдер өмірді де,
Көңілді де көрікті етіп.
Сырларымды бүгем елден,
Сияқтанып бақытты адам.
Кейде көңіл жүдегенде,
Сендерді іздеп барып қалам.
Дүниені ой кезгенде,
Жан таппайсың баға берер.
Данышпанды қай кезде де,
Ақымаққа санаған ел.
Мықтыларын ел мақтаған,
Салтанатты, сәні берік.
Ақындарын ардақтаған,
Еркелеткен халық едік.
Ақылды адам еш зұлымдық,
Жасамайды төмендерге.
Бізді мұнша қойған құл ғып,
Обалымыз кереңдерге.
Кейде шаршап қалам біраз,
Қиналғанда барам іздеп.
Ойлайтұғын адамдар аз,
Ақынымыз, ағамыз деп.
Жүресіңдер көрікті етіп,
Ақымақтың санасын да.
Жүрем мен де келіп, кетіп,
Бар мен жоқтың арасында.
Болса да өмір қандай көркем,
Болмашыға алданасың.
Денсаулық та болмайды екен,
Көңіл-күйің болмағасын.
Жүре алмадық ғасырға еріп,
Кім мұңымды білер дейсің.
Ағаларың масыл болып,
Енді қанша жүрер дейсің.
Сырқатымнан жөнделгенде,
Айтылмаған ой тыңдатам.
Тірімде де, өлгенде де,
Сендерге алғыс айтып жатам!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу