Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  136


Автор: Ибрагим Иса

Көкем

Сейдәлі көкемнің асына арнау
Түскендей-ақ бақыттың көктен құсы,
Сыйласу мен шайқасқа жеткен күші.
Бақытсыздық дегенді болдырмауға,
Бақытты боп өмірден өткен кісі.
Көзін көрген көп адам тірі бүгін,
Оқымай-ақ танытқан ұлылығын.
Іріміз деп жер басып жүргендердің
Біразынан рухы ірі бүгін.
Кері кеткен заманның қыспағында,
Ақмешіттің жарқ етіп аспанында,
Ол танытты дұшпанның кім екенін,
Ол танытты туысын, достарын да.
Мінезі де, еңсесі биік еді,
Сейдәлі деп сүйсінді, сүйіп елі.
Партбилетпен танылған азаматқа,
Партбилетсіз танылу қиын еді.
Сүйрегендей мұхитта қос кемені,
Парасаты, ойы да асқақ еді.
Ондай ұлы қазаққа бұл заманда,
Салыстыра алмаймын ештеңені.
Жамыла алмай жүрсек те шекпеніңді,
Аңсайтұғын кездер бар өткеніңді.
Көкем еді ол менің, көктем еді,
Әкелетін алдыма өткенімді.
Баласы едік екеуміз бір атаның,
Сол көкемді бір сәтке оятамын.
Ақын болып жүрсем де абыройлы,
Сейдәлідей керемет жоқ атағым.
Сенбейтұғын кездер бар алдағанға,
Сенетұғын ешкімің қалмағанда.
Ағайынның арасы іріп кетіп
Жүрер ме еді сол көкем болмағанда.
Жақсылыққа жұмсаған бар ақылын,
Ағайынның ашуға қара түнін,
Адресін білмесең, айтпасаң да,
Атын айтсаң таксистер табатұғын.
Өткен іске адамның өкінгені,
Қиын сұрақ:
Мазалап отыр мені.
Жоғалмайды іздері азаматтық,
Сол ізбенен жүргенде Ақылбегі.
Мақтан қылып жүреміз атамызды
Бағыштаймыз соларға батамызды.
Менің жаным жүз есе жылынады,
Аңсағанда Ақкөпей апамызды.
Сағынышым – сырларым осы менің,
Осы ортада көктеп ем, өсіп едім.
Жүрегімді жібітіп тұрады ылғи
Бір-ақ ауыз тілекпен Несібелің.
Оралмайды ойыма өлең кей күн,
Келе алмаймын жеріме келем дейтін.
Санататын орысша жалғыз жеңешем
Кішкентайдан ол мені «один» дейтін.
Айнаш, Сәуле, Лиза, – бұтақтарың,
Жатыр жайлап, жайылып атақтарың.
Тіршіліктің тамыры тереңде ғой,
Тастай алмас бір күнде отап бәрін.
Талай рет отырып, ойланған ем,
Сол ойлардан қажыды қайран денем.
Көлім барын білемін Телікөл деген,
Елім барын білемін Найман деген.
Көп жыл болды ел жақтан алыстадым,
Білем елде туыс пен таныс барын.
Бұл өлеңді Сейдәлі көкеміздің,
Аруағына, ағайын, бағыштадым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу