Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  163


Автор: Ибрагим Иса

Шиелінің киелі қызы

Қарындасым Рабибі Құрманәліқызына
Өмір заңы ешкімге де бағынбас,
Жан болмайды қарындасын сағынбас.
Қарындасың болмаса да бір туған,
Өмір өзі тауып берер қарындас.
Піскеніңді үзесің ғой бақшадан,
Өшкеніңді жағатын да жақсы адам.
Қолдаушың да, қорғаушың да сол бір жан.
Сол бір жаннан артық адам жоқ саған.
Бір қуаныш көкірегімде бүлкілдеп,
Бір сағыныш жүрегімде тұр гүлдеп.
Ойлап жүрем, сыйлап жүрем сол жанды,
Өсіп-өнген топырағымыз бір ғой деп.
Жас кезінде сипағам жоқ шашынан,
Есейгенде табылмадым қасынан.
Берекесі шайқалмайтын – осы жан,
Ешқашанда ортаймайтын – осы жан.
Кедей де емес, бай да емеспін, ортамын,
Жақсылардың бақыты үшін шырқадым.
Қуанамын өмірлік дос жан-жарын,
Тапқанына ер жігіттің Сұлтанын.
Туысқан ғой қарға тамыр қазағым,
Елге келсем еркін бойым жазамын.
Қосып алдым туысқанға туысқан,
Осылардың баласымен бажамын.
Бола алатын қайда жүрсем тілектесім,
Жақсы адамдар көбейсін де, көктесін.
Туған жерім көрінеді сұлу боп,
Осыларға ықыласым кеткесін.
Жолым жатыр шаршатқан да, шөлдеткен,
Асулар да қалып жатыр мен жеткен.
Бұларға да тиіп жатыр себелеп,
Елге деген сағынышым селдеткен.
Тірі жанға бір күн қымбат бір күннен,
Айырмаса қуаныш пен күлкімнен.
Жасай берем, дәл осындай жандардың,
Шуағымен өмір сүрсем, шіркін мен!
Осы жерде туып, өсіп, ер жеткем,
Жүрегімде бүрін жарды әр көктем.
Ықыласына ризамын бұлардың,
Бір ақынның жан-жүрегін тербеткен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу