Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  316


Автор: Ибрагим Иса

Жан сырым

Әбуов Өмірсерікке
Бос көңілмен ауылға қалай барам,
Дос көңілін іздеймін қарайлаған.
Ауыл жақта ағайын бар ғой десе,
Басқаны емес,алдымен сені ойлағам.
Менен гөрі беделің мықты ма шын,
Жақтырмайсың, білмеймін жақтырасың,
Қазаларда, тойларда көріп қалсам,
Көптің бір сияқты боп тұрасың.
Кетті деме көсіліп кемеңгерше,
Сенен тұлға жасар ем шамам келсе.
Әлдеқашан кетер ем биікке ұшып,
Өжеттікті сендегі маған берсе.
Жоғары еді мен үшін сенің бағаң,
Еркін едің ешкімге бағынбаған.
Әлсіретіп алғандай боп тұрасың,
Жүрегіңнің алауын жалындаған.
Қаға алмаған мықты бір қазықты да,
Бұған әлде ағайын жазықты ма?
Үмітіңнен айрылып қалғаннан соң,
Жалғыздығың, сені әлде қажытты ма.
Мен де қазір жалғызбын, алыстамын,
Қалды азайып достарым, таныстарым.
Ауыл жаққа амалсыз алып келем,
Көңілімнің аңсаған ағыстарын.
Өкпең болса, қайтесің сақтай беріп,
Келген сайын көңілім аттай желіп,
Көшеңменен өткенде басылады,
Сенің үйің көзіме оттай болып.
Көңіліңді жүретін көктем етіп,
Алдым ба деп ойлаймын өкпелетіп.
Баяғыдай үйіңнен арақ сұрап,
Ішетұғын жастан да кеткем өтіп.
Қиындықтан қажымай өткен шыдар,
Өмір заңы –
қыс өтсе,
көктем шығар,
Бір кездері сүйкімді мен білетін,
Балдарың да есейіп кеткен шығар.
Бұрынғыдан басылған екпінің де,
Білмейміз ғой,
есеміз кетті кімге.
Өзің жайлы тамсанып көп айтатын,
Кіребаев досым да жоқ бүгінде.
Жас келген соң ауылым болды аңсарым,
Бар ма екен деп өткеннен қалған шағым.
Қиналамын, ауылдың іргесінде,
Бейіттерге бұрылып барған сайын.
«Көбі кетіп, өмірдің азы қалды»,
Дейтіндердің көзі жоқ,
сөзі қалды.
Өзің жайлы,
ел жайлы ойларымды,
Қағазсыз-ақ жүрегім жазып алды.
Жан сырымды сенімен бөліскім кеп,
Жақын кім деп іздедім,
алыс кім деп.
Өзіңді ойлап отырмын сыр ақтарып,
Бәйбішеңнің қолынан шай ішкім кеп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу