Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  236


Автор: Ибрагим Иса

Жақсы адам

Академик Оразәлі Сәбденге
Жаралған жандай ел үшін,
Қиналсаң берер қол ұшын.
Жақсы адамменен өмірде,
Кеңейеді ғой өрісің.
Жадырауға да жоқ шамаң,
Қонбайды күнде бақ саған.
Жабырқау болмас еді ғой,
Жаныңда жүрсе жақсы адам.
Тасқынға төзбес тоғандар,
Жақсыға қарсы жамандар.
Өмірдің қиындығын да
Шешетін жақсы адамдар.
Махаббат деген – қасиет,
Өтпейді оған өсиет.
Сендіру қиын жаманды,
Жақсы адам деген осы деп.
Шырылдап соққан бір жүрек,
Іздеген жаның келді деп.
Жүрегің жақсы адамға,
Тұрады ылғи елжіреп.
Мейлі ол жас па, кәрі ме,
Махаббат ортақ бәріне.
Жақсы адамдардың жүрегі,
Өмірдің ғажап сәні де.
Жетсе де қанша толғағы
Белгісіз өмір алдағы.
Жақсы адамдарды сүю де,
Жалпы адамдардың арманы.
Жақсы адам мүлде аз шығар,
Жамандар мүлде көп шығар.
Әлемдік құндылықтарды,
Бағалайтын да жақсылар.
Жақсы адам-қазір тапшы адам,
Жақсысы аз қоғам - ақсаған.
Түбінде жаңа заманды,
Жасауы керек жақсы адам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу