Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  558


Автор: Ибрагим Иса

Желтоқсан жаңғырығы немесе Қонаевтың келбеті

Бұрынғыдай бусанбайды дала тым,
Сияқты бір күрсініп дем алатын.
...Күркіреткен бүкіл байтақ даланы,
Желтоқсанның жаңғырығы болатын.
Жауап берші, ей, ақылы мол ақын,
Елге енді не сыйлайды жаңа күн?
Қонаевті тұғырынан тайдырды,
Қазағымның қырыққандай ғып қанатын.
Не бір түрін көрсек дағы азаптың,
Басымызға бұйырмады азат күн.
Ел рухы жылап шықты Ақ үйден,
Құлап түсті Бас әріпі қазақтың.
Мәскеуліктің не ойлағанын кім білген,
Қазақ жерін тұмшалады түн бірден.
Арылмаған сорын ойлап халқының,
Жалындағы жас кеудеге мұң кірген.
Темір құрсау, мұзды суға бағынбай,
Намыс жанды сексеуілдің шоғындай,
Селдей болып Алатаудан құлаған,
Алаң жаққа өр толқындар ағылды-ай!
Алаңға да алып щыққан сол намыс,
Жалған әлпеш бола алмады алданыш.
Ата-баба арманынан қалған із,
Жас қазаққа сияқтанды қорғаныш.
Тасыған су тірелгендей тоғанға,
Ширатылып тұрды толқын алаңда.
Өжеттіктің жатты тісі табанда,
Өктемдіктің тұрды қолы жағамда.
Намыстарын қару қылған жастарды,
Жалдамалы жендеттер кеп бас салды.
От-найзағай осқылады аспанда,
Періште мен сайтан сайыс басталды.
Арыстанға қарсы атылған қасқырдай,
Тас тоғанға басын соққан тасқындай,
Қайсар намыс кезіп кетті алаңды,
Жалған достар безіп кетті қашқындай.
Жүруші едік бір топырақта өскен деп,
Басымызды қиындықта қосқан деп,
Досымыз деп жүрген көк көз ағайын,
Бір-ақ күнде шыға келді дұшпан боп.
Кеше ғана тұрған көзі күлімдеп,
Ежірейіп шыға келді бүгін кеп.
Білігімді кетті бірі сындарып,
Жүрегімді кетті бірі тілімдеп.
Албастылар адам сыйлап көрмеген,
Жолымызға жатып алды көлденең.
Қыршындардың қанын ішіп шөл басты,
Бейшаралар зұлымдыққа шөлдеген.
Ер деп емес, бізді тұл деп ойлаған,
Ел деп емес, бізді құл деп ойлаған,
Қызылдардың құйыршығын талай жыл
Асыраппыз, жуындыға тоймаған.
Көгеріппіз, солар үшін көктеппіз,
Аш болсақ та солар жесін деп кеппіз.
Сор топыраққа айналдырған далама,
Енді қандай нәрлі дақыл екпекпіз.
Сорды біздің қанымызды сорғандай,
Арманымыз қалды талай жалғанбай,
Жүр екенбіз төсегі жоқ жетімдей,
Ел екенбіз есебі жоқ сормаңдай.
Біреу ойлар мықтылық деп билікті,
Біреу ойлар мықтылық деп байлықты.
Әлгі көкжал жұтсам деп ед бізді де,
Өзінен де мықтылардан қаймықты.
Бірақ бұдан ел еңсесі түспеді,
Запыраны шықты қайта іштегі.
Байқалды енді, талай жылдар тапталған,
Халқымыздың рухының өскені.
Бірі өсіп, бірі өшті алаңда,
Сабақ болды ол маған, саған, оған да.
Ел көсемін төмендетем дегенмен,
Оның даңқы асқақтады одан да.
Қазақ деген халықпыз ғой жанкешті,
Қайсар халық табан таймас жерде өсті.
Бізге нүкте қоя алмайды ешқашан,
Жоя алмайды рухы бар елді ешкім.
Ел рухын көтеретін көсемі,
Ел тағдырын көбіне сол шешеді.
Жер бетінде елдер де бар көсемі
Маңдайының соры болған бес елі.
Қанша көсем келіп, кетіп жатқанмен,
Халық қалар сабақтасып өткенмен.
Көсемдер бар аямайтын өз халқын,
Халық та бар көсемдерін жек көрген.
Димекең де көсем болды осы елде,
Бостандыққа жеткізбеді десең де,
Құрсау жолдан шыға алмады, ол әттең,
Қол-аяғы болды, бұғау, кісенде.
Біреу ырза, біреу бәлкім өкпелі,
Ол бір қиын кезең еді өтпелі.
Өл-өлгенше сүйіп өтті ол өз халқын,
Жүрегінің түкпірінде жатты елі.
Абыроймен жиған барлық беделін,
Қадірлеген, қастерлеген ұлы Елін.
Данышпаны-көсемі бар ел едік,
Данышпанның жараладық жүрегін.
Арыстандай аласұрған тордағы,
Орындаған сияқтанып арманы,
Тақта емес, отта отырсын ол мейлі,
Өз елінің бола білді қорғаны.
Бостандыққа жаңа жайған өркенін,
Уайымдады ол өз халқының ертеңін.
Туған елдің тыныштығын тіледі ол,
Амандығын тілеп жүрді халқы оның.
Көргісі кеп халқының шын күлкісін,
Жағымпаздың жыртысқан жоқ жыртысын.
Халқы оны жүрегіне жерледі,
Бұл жалғанда өмір сүрді ол халқы үшін.
Арагідік артық айтып, кем сөйлеп,
Қарттар да жоқ отыратын кемсеңдеп.
Алаңдаумен, армандаумен кетті ол,
Туған елдің жарқын күнін көрсем деп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу