Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  98


Автор: Ибрагим Иса

Он үш өгіз

Төрттемін бе,
Бестемін бе,
Беймәлім,
Түсінбейтін кезім анық қайғы әнін.
Аспан барын,
Білем және жер барын,
Күннің барын,
Білем және ай барын.
Бір ән ғой деп ұғатын кез бар әнді,
Ештеңе де бұзбаған кез санамды.
Мысығымды,
Күшігімді,
Көршімді
Жақсы білем,..
Ағам және анамды.
Онда ол жақта мұхит та жоқ,
Жоқ теңіз,
Қала да емес,
Аудан да емес,
Шеттеміз.
Жарты тоғай,
Жарты шабыр аулымыз,
Ағайыннан...
Жездеміз бен әпкеміз.
Әкем бар-тын,
Кісі дейтін көп көрген,
Бір басынан сан тағдырды өткерген.
Аңшы дейтін
Сол аңшы әкем бір күні
Оралмапты түлкі қуып кеткеннен.
Ағам онда он екі ме, он үште,
Балалығы түспеген кез бөліске.
Ауылда бар он үш өгіз,
Күн сайын,
Ағамменен он үш өгіз өрісте.
Оқытатын адам болмай желкелеп,
Не болмаса өсе де алмай еркелеп.
Ағам менің аздау оқып
Амалсыз
Өгіз бағып кеткен екен ертерек.
Он үш өгіз...
Шала-шарпы есімде.
Он үшінде болды он үш есім де,
Он үш өгіз ағамменен ауылға
Оралатын намаздыгер, бесінде.
Он үш өгіз,
Он үш түрлі есіммен.
Әлі күнге шықпай қойды есімнен,
Он үш өгіз,
Он үштегі ағамның
Күш-қайратын он үш есе өсірген.
Он үш өгіз көрген емес семіріп,
Он үшін де титықтатқан көп ұрып.
Түске дейін ағам үйде,
Кететін
Он екісі алты арбаға жегіліп.
Бір ауылдың көлігі осы қолда бар,
Мал демейтін бұдан басқа малды олар,
Көз алдымда титықтаған өгіздер,
Сексеуілмен шиқылдаған арбалар.
Желкелері босаған соң жұмыстан
Батырлардай қайтқан бейне ұрыстан
Он үш өгіз шайқатылып шығатын
Ал соңында біздің жалғыз туысқан.
2
Жылдар бойы жатты бұл сыр ішімде,
Кейіндері көріп жүрдім түсімде,
Мүйіздей боп жүретұғын ағамды,
Қараңдаған мүйіздердің ішінде.
Ойлаймын десең-дағы ұшқары,
Бұл тағдырдың сан түрлі ғой қыспағы.
Енді ойласам,
Он үш өгіз ағамның
Он үш түрлі азабы екен қыстағы.
Кейде бәрін түсініп ап ерте біз,
Амалсыздан жұмбақ күйлер шерітеміз.
... Бірде
Бірде...
Кешке жақын өрістен,
Қайтпай қалды ағам менен төрт өгіз.
Қайтпай қалды,
Қас қарайды,
Түн болды.
Еш сыбыс жоқ,
Кім біледі,
Кім көрді.
Түнмен бірге қабағына адамның,
Қорқыныш пен шарасыз бір
Мұң келді.
Далада аяз,
Жел соғады ышқынып,
Анам байғұс жүз отырды,
Жүз тұрып.
Жыламсырап тұрды үйдің жылуы,
Ал далада тұрғандай-тын қыс күліп.
Бұндай жағдай бұрын-соңды болмаған,
Ағам бұрын түнде келмей қалмаған.
Түн ортасы,
Сықырлады сыртқы есік,
Ұшып тұрдық,
Боп-боз болып келді ағам.
Кіріп келді үлкен Адам
Нар Адам,
Бойы, түрі айнымайтын баладан.
Қол-аяғы мұз болыпты,
Әл біткен,
Төрт өгіз де аман кепті,
Бәрі аман.
...Бұл оқиға қалғаннан соң ескіріп,
Кейінірек,
Беріректе естідік.
Төрт өгізі кіріп кетіп тоғайға
Шықпай қапты қайтар кезде кешкілік.
Өгізі жоқ білдей екі арбаның,
Деген-дағы,
«Одан да үйге бармадым».
Ну жынысқа қайта келіп сүңгіген,
Ауыл жаққа айдап салып қалғанын.
Бұл оқиға өтті,
Кетті,
Ескірді,
Таңдандыра қоймас бүгін ешкімді.
Батылдықтың,
Адалдықтың не екенін,
Бірақ өстіп көре-көре ес кірді.
Кейде қиял қозғай алмай қанатын
Кездер болса,
Қажып, қайтып қалатын.
Көз алдыма оралады бір бала,
Қалың тоғай,
Төрт өгіз бен,
Қара түн.
Аман болса әсем өлең – ерке қыз,
Әлі талай әңгіме, сыр шерітеміз.
Мына мені таңдандырып,
Ағамды
Батылдықққа жетектеген төрт өгіз.
Сырым – жырым,
Айтарым да осы еді,
Мүмкін шындық,
Мүмкін жырдың өсегі.
... Басым қатты...
Гитарамен топ бала
Бастарына көтеріп жүр көшені.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу