Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  142


Автор: Ибрагим Иса

Біздің көшедегі қыз

Атын,
жөнін,
Сұрамадым,
білмедім.
Көрдім бірақ,
мұңайғанын,
күлгенін.
Джинсі киіп,
қалтасында қос қолы,
Бейтаныс қыз,
қыз болатын бір керім.
Еркін еді,
(Еркіндік те күштілік.)
Қолтығына ала дорба қыстырып,
Шет елдің бір әуеніне ұқсатып
жүретұғын жайлап қана ысқырып.
Ысқыратын,
ысқырығы жайлы еді,
Бақытты еді, көкірегі тойлы еді,
Әп-әдемі жарасатын өзіне
Көзіндегі сарғыш жиек әйнегі.
Ысқырғаны көңілділік белгісі,
бұл әдетін ұнатпайтын кей кісі.
Көбіне-көп өз-өзімен жүретін,
дүниені шыр айналып ой – құсы.
Әйгілі боп қалған жандай ұрлығы,
бір тиын боп әннің құны,
жыр құны,
тым жүдеулеу, көңілсіздеу жүрді де,
ысқырғанын қойып кетті бір күні.
Қойып кетті,
бітті ме әні айтатын,
салмақтылау болып кетті қайта тым.
Сирек көрем,
қашан көрсем үйіне
үнсіз және көңілсіздеу қайтатын.
Мұның бәрі болған жағдай бір қыста,
ештеңе жоқ, жасамапты еш қылмыс та.
Сол бойжеткен соңғы кезде бірер күн
ысқырды да,шығып кетті тұрмысқа.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу