Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  235


Автор: Ибрагим Иса

Бильярд

Қарасы мен көзіңнің ағы сынды,
Жақындатар жақсылар алысыңды.
Соққылардан қашасың жаның ыршып,
Зырылдаған бильярдтың шары сынды.
Оранса да қаншама шен-шекпенге,
Болашағын біле ме өлшеп пенде...
Есеңгіреп зулайсың басың ауып,
Тас маңдайдан зіл соққы тарс еткенде.
Шаршы алаңда тағдырың тайталасып,
Зырылдайсың әйтеуір жанталасып.
Қабырғаға соғылып, барар жер жоқ,
Шаршы алаңға шығасың қайта қашып.
Өмір – алаң,
Жүргенің соғылысып.
Тиісесің басқаға қаның ысып.
Кейде соғып біреуді ұшырасың,
Кей соққыдан кетесің өзің ұшып.
Сан сұрақты шеше алмай миың қатпар,
Көрінгенге болады жаның жәппар.
Тығылатын бір сәтке ұя іздейсің,
Қуып жүріп соққанда қиындықтар.
Ойын дейміз өмірді...
Ойын ба екен,
Буылмаса қиын ғой белің бекем.
Тас маңдайың қайтеді тасқа тимей,
Барар жерің болмаса сенің бөтен.
Түрлі соққы...
кейбірі аяп ұрап,
Ұрмай қайтсін, еркі бар, таяғы бар.
«Қорғансыздың қашанда көрген күні
таяқ жеу» деп айтқан ғой баяғылар.
Аямайды түріңе қарап олар,
Жан іздейсің сондайда пана болар.
Бағалайтын кей-кейде қадіріңді,
Мейірімі мол көңілде аға қалар.
Сол ағалар, шіркін-ай, көп болса екен,
Алмай өмір сүрсек қой жоқтан секем.
Сипалса ғой аялы алақанмен,
Соққылардан көгеріп кеткен шекең.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу