Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  102


Автор: Ибрагим Иса

Елес-Бейне

Өмірде барың анық па сенің,
Сапырылысады көп бейне.
Бойымен жүрем жарық көшенің,
Сені көрем бе деп кейде.
Үміттенуден тойғанда арман,
Қалатын жаным мұздап-ақ.
Сауық кештер мен тойларға барғам,
Жүрегім талып, жүз қарап.
Тұрғандай болып табалап бейне,
Сықылықтайсың іргемде.
Ырқыңа мені орап ап кейде,
Жұлып шығасың үйден де.
Көрінбей қойдың көп елес болып,
Аңсатсаң дағы жалықпай.
Ысылған жандай төбелес көріп,
Іздеуге шығам қорықпай.
Кім білсін, қатар тұрдың ба екен,
Жылу шығармай, бөтен боп.
Түннің де кейде қойнынан күтем,
Жарқ ете қалар ма екен деп.
Ғашық боп мен де сағына аламын,
Жоқ болсаң дағы жалт етіп.
Сыйдырып әсем шағыңа бәрін,
Жүрсің бе бәрін тәнті етіп.
Атыңды айтпай қарадым, көкем,
Мінбелерге де шығып ап.
Кім білсін, мені сынадың ба екен,
Тасалау жерде тұрып ап.
Десем де кейде жоқ екен бағым,
Өртенді қанша өзегім.
Шын іздегенім сен екен, жаным,
Жолықпасыңды сеземін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу