Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  116


Автор: Ибрагим Иса

Ақынның жүрегі

Ешкімге болмай қалса керегі,
Көреді бәрін сорынан.
Шын ақын бірақ өлсе өледі,
Қаламы түспей қолынан.
Адам емес ол, әншейін елес,
Өлең ұқпайтын бос кеуде.
Ақынға сырқат қорқыныш емес,
Ажал да оған дос кейде.
Мазалай бермей мезі ғып бекер,
Ықылас білдір аздаған.
Жырларын жазса жазылып кетер
Көкірегіндегі маздаған.
Табады әркез өлеңнен емін,
Ештеңе емес қалғаны.
Онсыз да жұқа жүйкесін оның,
Жұқартпасаңыз болғаны.
... Инфаркт әзір күтпеген менің
дұшпаным еді... кезікті...
... Мұқағали да мықты өлеңдерін
Ауруханада жазыпты.
Қызығым қалды көретін қанша,
Жолдарым қанша мен өткен.
Ақындар егер өлетін болса,
Өледі дейді жүректен.
Көретін әлі бар екен күнім,
Талайлар тыншып, жай тапты.
Сол жүрек әзір тірі екендігін,
Бар екендігін байқатты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу