Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  95


Автор: Ибрагим Иса

Сөз қадірі

Семсерсіз сөзімізбен
жүреміз майдан ашып.
Өзіміз өзімізден
барамыз қайда қашып.
Қисайсаң төсегіңе,
көңілде уайым тұрар.
Біреудің өсегіне,
құлағың дайын тұрар.
Қайнайды зығырданың,
өкпенің күйесі көп.
Келеді сыбырлағың
тыңдайтын иесі жоқ.
Көзіңді бақырайтып,
сөзбен-ақ жылатты ма?
Орынсыз ақыл айтып,
шаршаттық құлақты да.
Кеудеге сұрақ қонар,
жаныңды шиырлаған.
Кінәлі құлақ болар,
жылы сөз бұйырмаған.
Несі бар алалайтын,
бар адам туыс саған.
– Ассалаумағалейкум!
– Уағалайкүміссалам!
Дау жоқта дау іздейсің,
жанжалдың қазығы не?!
Кінәлі ауыз дейсің,
Ауыздың жазығы не?!
Қоңырсып шыққан үнің,
Ұмытар сана барын.
Біреудің түп-тамырын,
ауызбен араладың.
Ұзарар ақ жолымыз,
ойымыз өрістенсе.
– Сау-саламат болыңыз!
– Күн жақсы, көріскенше!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу