Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  165


Автор: Ибрагим Иса

Көңіл-күй

Ақын болып тудым екен неге мен...
мен туғалы күркіреді күн неше...
Еріп кете берер ем,
бір досым кеп «жүр» десе.
Өз жүрегім бағынбайды өзіме,
Пешенеме болды ма екен лайық.
Жақынның да қарамаймын көзіне,
жасағандай бір айып.
Жүгенсіз ой жетектейді еркімді,
жиі-жиі оралады осы күн.
Жылы сөздер болғанымен ерітінді,
таба алмайды жүрегімнің тесігін.
Мақсаттарым шаршаса,
тұншықтырып, басамын.
Біреулерге жетпей жүрген аңсаса,
қошеметтен қашамын.
Қарт сөзіне көңілімді бұрсам да,
«білмейсің, дер, сапарларды біз өткен».
Айтар ойын түк түсінбей тұрсам да,
бас изеймін ізетпен.
Бір жылы сөз еститіндей құлағым,
асығамын жолға аса.
Кейде үйден мұнтаздай боп шығамын,
сосынғысы – далбаса!
Жүре берем тістеймін де тілімді,
мұндай күйді Құдай басқа салмасын.
Ешкімге де айта алмаймын мұңымды,
өзімді өзім ренжітіп алғасын.
Кірін жуса тазаратын секілді,
өліп-өшіп жуынады келгендер.
Іште жатыр былғаныштар не түрлі,
былғанбайтын – өлгендер!
Өткен күнді амалсыздан аңсаймын,
жүретұғын жол да алыс...
Кейде тіпіті өз өзімнен шаршаймын,
өзіме өзім тигізе алмай қолғабыс.
Қолпаштаулар бола берсін талай күн,
жаза алмайды ол көңілімнің қыртысын.
Көрінгеннің көңіліне қараймын,
өмір сүріп жүрген жандай жұрт үшін.
Қиындықтың қатқан нанын жеп өстім,
жүрегімді жаралап.
Өзім сондай қомағай да емеспін,
азғантай да – қанағат.
Ойға батам таңертең де, кешке де,
біреулерге дей алмаймын дегім кеп.
Жүре берем болмағандай ештеңе,
көңілімнің жыртықтарын желімдеп.
Кейде тіпті өзгеруге бекінем,
Өзгермейді түр-түсім.
Құдай не ғып бермеген деп өкінем,
ойсыздардың күлкісін.
Жүрегімді жатса дағы тілімдеп,
ешкімнің де лақтырмаймын есігін.
Болса егер көретұғын күнім көп,
қайталана бермесе екен, осы күн!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу