Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  93


Автор: Ибрагим Иса

Әңгіме айтқан сияқтанып кереңге...

Әңгіме айтқан сияқтанып кереңге,
Жылдар келді, қонақ сынды күтпеген.
Бір ісімді бітірдім-ау дегенде,
Тағы бір іс шыға келер бітпеген.
Батпан ойлар тартады кеп тереңге,
Күндер өтті. Ештеңе жоқ жаңарған.
Бір асудан енді астым-ау дегенде,
Бір асуың шыға келер тағы алдан.
Болар кінә сенен және менен де,
Қажет кезде болмаған соң жылылық.
Бір туыспен табыстым-ау дегенде,
Бір туысың кете барар бұрылып.
Ойыңа бір оралмайды өлең де,
Отыратын кездеріңде ән бастап.
Бір сырқаттан құтылдым-ау дегенде,
Бір сырқат кеп жабысады жамбасқа ап.
Көңіліңді қалдыратын шерменде,
Сұм өмірдің тойымсыздау құлқыны-ай...
... Бір қуаныш енді біте бергенде,
Бір қуаныш шыға келсе, шіркін-ай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу