Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  80


Автор: Ибрагим Иса

Мендегі сыр

Өзімнен өзім сыр таптым,
Өле алмай жүрген сырқатпын.
Шіріген картоп сияқты,
Бұрышында қалған бір қаптың.
Өзімнен өзім тістенем,
Шарабым да тұр ішпеген.
Ұйықтайын десем қорқамын,
Көрмейтін сұмдық түс көрем.
Асықпа, жаным, асықпа,
Кетерміз келмес қашыққа.
Бұйырар жерден бір бұрыш,
Өлеңді сүйген ғашыққа.
Өлеңім, саған айтарым,
Келмейді ертең қайта күн.
Сен үшін туар жақсы күн,
Мен үшін тумас, байқадым.
Бітпеген іс көп басымда,
Азайып қалды досым да.
Өкпем жоқ бала-шағама
Өкпем көп мынау ғасырға.
Туыс та, тірлік... бар бәрі,
Адамның бітпес арманы.
Өкініп өтіп өмірден,
Өкінбей жатсам болғаны...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу