Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  119


Автор: Ибрагим Иса

Ауруханадан хат

Күні жетпей тартылған теңіздер көп,
Өшкен ізді жалғайды тірі іздер көп.
Алаңдайсың өмірдің өткеніне
қарайлайсың артымнан кім іздер деп.
Қуаныштан, қызықтан қашықтадық,
тығыласың қай жаққа қашып барып.
Жерге түсіп жапырақ жаймай жатып,
көрге түсіп жатырмыз сасып барып.
Түсінбейтін қазақ көп қала сырын,
мен де сондай даланың баласымын.
Ғашықтығын құртты ғой қуаң тірлік,
қала менен даланың арасының.
Дүние сап-сау жүргенде жарық екен,
Сырқаттанса бала да – кәріге тең.
Қаныңдағы қызуың қағынғанда,
жаныңдағы жатқанның бәрі бөтен.
Жүдеу тірлік сырқаттан арылған ба,
Қаның тасып, жүрегің қағынғанда,
сәл сырқатың сан есе ұлғаяды,
сонау сол бір сау кезді сағынғанда.
... Ей, сырқатым, асықпа, байқа көкем,
шаттығымды өлгенше шайқап өтем.
Табиғаттан жаралған тіршілік ем,
табиғатқа айналып қайта кетем.
Ей, сырқатым, сен мені асықтырма,
Кете алмаспын мен сенен қашып қырға.
Қалдыра алсаң қалдыршы мәңгілікке,
мынау ғажап тірлікке ғашық қыл да.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу