Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  229


Автор: Ибрагим Иса

Қызғаныш

Жаным, мені несіне қызғанасың,
Қызғаныштан жүрегің мұздамасын.
Қызғанғанмен көңілде ештеңе жоқ,
қыздарға тек қараймыз қыз боғасын.
Жаным, мені несіне қызғанасың,
Қызғанасың,
несіне сызданасың.
Қызғанғаның дұрыс-ау,
тек әйтеуір,
маған деген жүрегің мұздамасын.
Жаным, мені несіне айыптайсың,
Айыптаудан қалайша жалықпайсың.
Толқыны жоқ тып-тыныш көл бетінде,
Қалтылдаған иесіз қайықтайсың.
Жаным, маған несіне өкпелісің,
Күдіктенер, жоқ, әлде, көп пе кісің?
Маған сенбеу керек пе
Біреулердің
бірдеңені бүлдіріп кеткені үшін.
Жаным, мені несіне кінәлайсың,
Кінәлайсың,
қу сөзді қуалайсың.
Қинағанша себепсіз,
неге ғана
сол күдікті кісіңнен сұрамайсың.
Туғызасың несіне сенімсіздік,
Сенімсіздік деген сөз – көңілсіздік.
Білесің бе,
сенімнің арқасында
қызғылықты қаншама өмір сүрдік.
Кетсін мүлдем миыңнан күдік деген,
күдік пенен қуаныш бірікпеген.
Жейсің неге жанымды бостан-босқа,
біреуді айтып құрыққа ілікпеген.
Қызғаныш та,
көңілдің құрты да бір,
әкелетін пәле ғой жұртыңа кір.
Қызғанышты кім екен ойлап тапқан,
кім болды екен сол жаның шырқырағыр.
Бізге қазір, жаным-ау, бәрі лайық,
Тек қызғаныш дегеннен арылайық.
Қызғаныштың жолында күйзелгенше,
Қуанайық,
күлейік,
сағынайық.
Ренжісіп, ретсіз күшенбейік,
Қызғанышты осылай кісендейік.
Қызғанышы құрысын,
одан дағы
қызғанышпен ауыратын кісі емдейік.
Жау келмейді ешқашан бізге алыстан,
барлық пәле болады қызғаныштан.
Қызғаныштан кей жігіт пышақтасып,
қызғаныштан кей сұлу құздан ұшқан.
Байқадың ба,
бәленің басы қайда!
Болып жатқан сұмдық көп осы райда.
Көңіліңнен күдікті қуар болсаң
қызғанышы құрғырды қосып айда.
Қызғанышты қояйық, түсіндің бе?
Жүр ғой ұшып үнемі құсың бірге.
Үйренесің...
Қойсайшы сездірмей-ақ,
От боп жанып тұрса да ішің мүлде.
Түсіндің бе,
жаным-ау, келістік пе?
Қызғанышқа қояйық тегіс нүкте.
Қызғаныштан басқа да қиындық көп,
талықсыған осынау кеңістікте.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу