Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  105


Автор: Ибрагим Иса

Түсінік

Бел байладым айтуға бүгін бәрін,
Көп нәрсені кезінде ұғынбадым.
Өзімді өзім кей-кейде ауасы жоқ
Құмыраның ішіне тығындадым.
Тығындадым тынысым, өңешімді,
Өзімді емес, іздедім елесімді.
Ешкім мені болса егер тыңдамайтын,
Анам мені, білмеймін, неге өсірді...
Білмей келдім шыбық па, шынар ма едім,
Ақын болу шын бақыт шығар дедім.
Таяғы жоқ көр соқыр сияқтымын,
Түсінгенмен, білмейтін құлар жерін.
Кей біреулер себепсіз өпкелетіп,
Сияқты бір қисынсыз жек көретін.
Ақыл сұрап алмаймын ешкімнен де,
Ақылым да ешкімге жоқ беретін.
Керегі жоқ басқа бақ, басқа мұра,
Қызықпадым ешкімнің аспанына.
Разымын жанашыр ағайынға,
Разымын тілеулес достарыма.
Өсірмеді мені ешкім еркелетіп,
Балалығым қалыпты ерте кетіп.
... Қайран Анам ұзақ түн жамау жамап,
Жататынмын мен байғұс ертек оқып.
Ана сөзін әйтеуір екі етпедім,
Өзімді өзім жұмысқа жетектедім.
Шұбатылып соңымда жүретұғын,
Жия алмаған қиялым етектерін.
Ұшып жүрді жан-жаққа жиі арманым,
Өзіме өзім кей-кейде сия алмадым.
Бала болып жарыта алмаған соң,
Әке болсам екен деп қиялдадым.
Әке болдым.
Ештеңе өзгермеді,
Өзгергені – ойымның тез келгені.
Ақыл айтсам деп едім балдарыма,
Ақыл түгіл кейде олар сөз бермеді.
Өз-өзімнен содан соң құлазыдым,
Тыңдамады көп кіші біраз інім.
Ешкімді ешкім тыңдамас жол ұсынған
Р-е-в-о-л-ю-ц-и-я-ғ-а разымын!..
Разымын!
Баламды берді өсіріп,
Ел жоқ жерге әкелді ел көшіріп.
Өр-теп,
ша-уып,
үй-рен-дік қи-ра-ту-ды,
Отыр-ғыз-бай-тын болдық жерге шыбық.
Байтақ елміз дейтін ек,
даламыз бар,
Малымыз көп дейтін ек,
санаңыздар.
Тауымыз көп дейтін ек,
панамыз бар,
Суымыз көп дейтін ек,
қараңыздар,
Қызымыз көп дейтін ек,
баламыз бар,
Жырымыз көп дейтін ек,
әніміз бар,
Алыңыздар, дейтін ек,
алыңыздар!
Мәз болыппыз осылай барымызға,
Мақтаншақтық қашанда қанымызда..,
Малымыз да азайды, жанымыз да...
Көше толы қаңғыған қара бала,
Қара қыздар айналды сары қызға.
Осылайша біз бүгін жетіліппіз,
Ойланбастан алысқа секіріппіз.
Қояр болса Жаратқан өз бағасын,
Дәл қазіргі бағамыз – ЕКІЛІКПІЗ!
Бірімізді біріміз еркелетіп,
Жүк артпайтын болдық қой желкеге түк.
Келер ұрпақ жүретін ертек етіп,
Бар жақсылар қалды ғой ерте кетіп.
Қасиетін жақсылар ала кетті,
Таулар шөгіп, су қашып, дала кепті.
Ешбір ғасыр көрмеген шығар деймін,
Біз сияқты көргенсіз, қара бетті...
Табиғатты бүлдіріп қала салдық,
Қала салдық,жанына жара салдық.
Сүйікті елдің ұрпағы боламыз деп,
Биіктеудің орнына аласардық.
Не істедік деп, көрмедік ойға қалып,
Тайғанамас жерлерде тайғанадық.
Арамдықтың жұмсадық барлығын да,
Адалдықты қалауға пайдаланып.
Біз осылай өзгердік, өкінбедік,
Ақиқаттың тастадық бетін көміп.
Ештеңеден қайтпауға қалыптастық,
Тұрсақ дағы дозақтың отын көріп.
Ақыл айтар қарттар аз жалықпай көп,
Қаңсып қалдық суы жоқ арықтай боп.
Ұрпағымыз халық боп кетпесе екен,
Әке сыйлап көрмеген халықтай боп.
Заман болды кетердей өлік тұрып,
Бірімізді біріміз желіктіріп,
Мағынасыз тірлікке масайрадық,
Мағынасыз екенін көріп тұрып.
Жолды қудық оп-оңай атақ алар,
Қолды қудық оп-оңай бата болар.
Аруақтарды тұрғызар күш болса егер,
Сол аруақтар қайтадан жата қалар.
Жүректерді тастады қала қысып,
Күннен күнге қанымыз барады ысып.
Жалтақтаймыз әйелдің көңіліне,
Үйде ішетін пәлені далада ішіп.
Сараңдармен сөйлесем алыс тұрып,
Жомарттарды жүремін таныстырып.
Жиі-жиі әйелім мұңайтады,
Қайдағы бір пысықпен салыстырып.
Қалталының кигені қара барқыт,
Таппағанда әйелім табалар түк:
Жақсылығын баламның өзіне алып,
Жамандығын қояды маған артып.
Кетті тірлік былығып, араласып,
Бір сөзіңді біреулер ала қашып.
Бір жақсы мен бір жаман жағаласып,
Өзімізден өзіміз қара басып,
Берекеміз бұл күнде быт-шыт болды,
Ақыл айтсаң қатын мен бала қашып.
Қалу үшін көрінбей харам кеудең,
Бірімізді біріміз жамандаумен
Келе жатқан жан сақтап жайымыз бар,
«Бәріне де кінәлі – Заман» деумен.
Жаман істі Заманға арта салып,
Жақсылықты қоямыз жол таса ғып.
Жомарттардың қалтасын сөгіп алып,
Сараңдарға береміз қалта салып.
Қанша қате кетті деп санасақ та,
Қанша қимай өткенге қарасақ та,
Көрінбейді ештеңе,
телміреміз
Болашағы белгісіз болашаққа.
Түсінбейміз сырларды дала бүккен,
Аналар да азайды бала күткен...
... Үлкен-үлкен ҚАРА ӘРІП іздеп жүрмін,
Қасіретті жазуға СОЛ ӘРІППЕН.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу