Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  102


Автор: Ибрагим Иса

Аңдар жайлы аңыз

Аңдар жайлы аңыз жазсам деп бұрын
ойлаушы едім,
оймен талай өтті күн.
Тыныш жатқан көңілімнің тыншын ап,
сол ойыма қозғау салды бір сұрақ:
– Айтшы, кәне,
мынау байтақ жер-көкте
адам көп пе,
әлде жыртқыш аң көп пе!? –
деп тосыннан сауал қойды бір досым.
Бұрын талай қалжыңдасып жүргесін,
сол қалжыңның бірі ғой деп ұқтым да,
астар жоқ қой деген оймен түк мұнда,
жауап бермей кетіп едім,
себебі:
дайын тұрған жауабым да жоқ еді.
Әшкере боп қалған жандай ұрлығым,
сол бір сұрақ мазамды алып жүр бүгін.
Артық сөздің қажеті не өлеңге,
ой тоқтаттым:
«Адам көп қой» дегенге.
Ай жарқырап,
тұрған кезде сөнбей күн,
«жыртқыш көп қой» деген сөзге сенбеймін.
Олар аз ғой,
аз болуы заңдылық,
құриды олар қу мекенде қаңғырып.
Құриды олар бір-біріне жем болып,
жемейді олар еш нәрсені тең бөліп.
Олар – жыртқыш,
қан көрмесе болмайды,
қан жаламау олар үшін мол қайғы.
Олар – жыртқыш
(мұнда түк жоқ таң қалар)
аң болған соң
бағынбайды заңға олар.
Олар – жыртқыш,
өлтіруден басқаны
білген емес,
жыртқыштардың аспаны
сондықтан да қан-қызыл боп тұрады,
және үнемі қан сасиды тұрағы.
Олар үшін...
(ештеңе емес қалғаны)
тек, әйтеуір,
қарын тойса болғаны.
Иә, солай,
арасында аңдардың
өлім-жітім көп боларын аңғардым.
Сондықтан да «жыртқыш аз ғой» деген ем,
болмай шықтым, бірақ, онша көреген.
Тым көп екен,
көптігінде жоқ есеп!!!
Екі аяқпен жүреді ғой демесек,
(қалмады, рас, жасыратын түк те енді!)
Аңдардан да қауіпті «аңдар» шықты енді.
Жыртқыштардан айырмасы бұлардың:
Саясында жатып алып шынардың,
теңіздердің толқынында тербеліп,
қыдырыстап,
не бір ғажап жер көріп,
есепке алмай
жақын менен алысты
қиялында-ақ бітіреді бар істі.
Бар сұмдықты ішке бүгіп жатады,
олар аңдай атылмайды – атады!
Күштілерге азулары өтпейді,
әлсіздерге аяушылық етпейді.
Әлі жетсе қан қылады жабылып,
бола ма енді бұдан өткен тағылық!
Мақсаттары тек тұйыққа тіреліп,
олар қазір бар құрлықта жүр өріп.
Қанды шеңгел,
қанталаған көзбенен,
дүниеде жерлері аз-ау кезбеген.
...Жыртқыштар көп!
Сақтанбаса болмайды.
Айлалысы көбеюде...
Сол қайғы!
Айтып тұрмын өзім естіп, көргесін,
«Аң көп» дер ем,
кездеспей жүр сол досым.
... Аңдар жайлы аңыз жазсам деп едім,
Ақиқатқа кетті айналып өлеңім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Комментарии

Батырхан
Батырхан 24.02.2024 09:52
Жаксы магыналы

Пікір жазу