Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  158


Автор: Ибрагим Иса

Әйел махаббаты

Өліп-өшіп әйел ғашық болмасын...
Өліп-өшіп ғашық болса ол саған,
Бар дүниені ұмытады қоршаған.
Жібітеді
Жылытады әйтеуір,
Мейлі, тіпті, жүрегің тас болса да.
Өліп-өшіп ғашық болса ол егер,
Қанша бура болсаң дағы шөгерер,
Мейлі, тіпті жер түбінде жүрсең де
Жүрегіңді сағынышпен шегелер.
Сезімі оның басқаларадан өзгерек,
Отырмайды сенімен бос сөзге кеп.
Есепсіз-ақ,
Төсексіз-ақ,
Құшақсыз,
Рахатқа қояр сені тез бөлеп.
Жалынбайды жылу сұрап ол сенен,
Өз жүрегі өз жылуын өлшеген.
Қаламайды ол,
Қарамайды ол басқаға,
Жаны жүдеп жалғыздықтан өлсе де.
Оған қымбат қуанғаның, күлгенің,
Оған қымбат сенің есен жүргенің.
Жанын салып,
Барын салып күтеді ол,
Табу үшін көңіліңнің түрлі емін.
Өзге қызық – қызық емес ол үшін,
Сен арқылы кеңейтеді ол өрісін.
Ырысысың,
Тынысысың сен оның,
Және дағы азабысың,
Сорысың.
Оның көзі сен дегенде қырағы,
Бүйрегі тек саған ғана бұрады.
Бойындағы қымбаты мен сымбатын,
Саған ғана сыйласам деп тұрады.
Сендік сырын сақтар мәңгі ішінде,
Сені ғана көрсем дейді ол түсінде.
Қай кезде де түсінеді жаныңды ол,
Оның жанын түсін,
Мейлің түсінбе.
Бар дегенмен алда өмір – жыл қанша,
Өте шығар уақыт мойын бұрғанша.
Саған қайтып жібімейді ол ешқашан,
Сенен егер көңілі оның бір қалса.
Артық сөздің керегі не,
Керегі,
Сарғаймасын десең көңіл тірегі;
Тыныс, дәмің,туысқаның ол сенің,
Мүмкін болса ренжітпе сен оны.
Сағыныш та,
Қайғы да бір – қорғасын,
Ал, үмітің мәңгі серік-жолдасың.
Ұнату да – ғажап сезім,
Алайда,
Өліп-өшіп әйел ғашық болмасын...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу