Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  305


Автор: Ибрагим Иса

Жиырма бес

Жиырма бес – шын байқаусыз өткен күнім,
Жиырма бес – күн кеудеме төккен нұрын.
Жиырма бес – ақ махаббат ұяңдығы,
Жиырма бес – жігерлі шақ, өктемдігім.
Мен сені көп болды ғой тосқалы да,
Жоқ менде бүгін сенен басқа мұра.
Дәл қазір шығып кеткен сияқтымын
Жігіттіктің ең биік асқарына.
Жолына түскен шақта серіліктің,
Қыздарға сыр айтқалы сені күттім.
Мен бүгін тізгінімді қоя берсем,
Кетердей бірер жылға шегініп күн.
Көп болды қырдың төсін баспағалы,
Жүр, құрбым,
Таста бәрін,
таста кәні.
Жиырма бес – түндер бойы кірпік ілмей,
Жиырма бес – қыз білегін жастанады.
Естісем сыңсып ұшқан аққу әнін,
Мен жерге сыймай кетем,
шақ тұрамын.
Жиырма бес – менің мөлдір махаббатым,
Жиырма бес – ерке елігім,
Ақ бұлағым.
Сияқты бақытымның бір тарамы,
Түннен де маған қарай нұр тамады.
Жиырма бес – қыз ұйқысын бұзатын да,
Жиырма бес – бойжеткеннің іңкәрі әні.
ІІ
Жиырма бес – аяулы шақ алға асылған,
Кетеді жиырма бес боп жалғасып ән.
Жиырма бес – асау тұлпар ауыздықпен
Алысып келе жатқан әр ғасырдан.
Жиырма бес алды-артыңа қаратқан ба,
Сілкініп бірге тұрар таң атқанда.
Жиырма бес – Сырдарияны бұра қашқан,
Жиырма бес – Қызылорданы жаңартқан да.
Жиырма бес қайда жүр деп ойладың ба?
Жүр, әне, ол Қызылқұмның қойнауында.
Жиырма бес – балықшы боп Аралда жүр.
Жиырма бес бара жатыр қойлы ауылға.
Жиырма бес – жерде де жүр,
аспанымда,
Кетеді бұлттан өтіп қас қағымда.
Сенбесең барып қара,
Ізім жатыр
Алатау, Қаратаудың тастарында.
Жарқылдаған «МАЗ» дардың іздерінде,
Қаңқылдаған қаздардың тізбегінде
Жиырма бес бар,
Мен мұның көрдім бәрін
Өзімнің жиырма бесімді іздедім де.
ІІІ
Жиырма бес – айтылмаған сырым ба едің,
Көзіме бұрын не ғып ілінбедің.
Білмеймін неге мұнша сағыныш боп,
Сен менің жанарымда дірілдедің.
Өзімнен кететіндей озып күнім,
Әйтеуір сезіктімін,
Сезіктімін.
Жоқ әлде жүрсем бе екен ұйқы көрмей
Алматының көшесін кезіп бүгін.
Жиырма бес, неге мұнша тыншымды алдың?
Дедің бе құдіретімнің білсін бәрін.
Сенің сөзің сөзі боп ғашықтардың
Діріл қағып бойында жүр сымдардың.
Құмартқандай бейне бір от ерінге,
Жүрмін қазір тың сезім жетегінде.
Лүпілдетіп жетіп ең Жүрегімді
Лапылдатып қалдыршы кетеріңде!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу