Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  83


Автор: Ибрагим Иса

Есіңде ме... Болатұғын той үсті...

Есіңде ме...
Болатұғын той үсті,
Жұрт назары саған қарай ойысты...
...Бір керемет ойын еді, жұп қалау
Талай көздер тұрды саған сұқтана.
Сен жақта еді менің де ынтық жанарым
Ал қасыңда отырған бір мұртты «ағай».
Бір кезекте қалап едім мен сені,
Бермей қойды әлгі ағайың еңселі.
Содан кейін арта түсті одан да
Саған деген құмарлықтың өлшемі.
Ол бермеді,
Ал мен болдым кінәлі,
«Уәзір» жігіт «хан» үкімін сұрады.
Айтсын деді,
Айтсын деді, болса егер
Өзі жақсы білетұғын бір әні.
Талай әнді тыңдасам да тамсанып,
Бұрын-соңды көрмеп едім ән салып.
Білер еді жағдайымды
Түсінген
Бұл үкімнің қиындығы қаншалық.
Ән айтпасам бермей қояды өзіңді,
Біліп тұрмын,
Бір қиындық сезілді.
«Шырқап» кеттім дарақылау дауыспен
Терезеге тіреп қойып көзімді.
Ән біткенше қарамадым ешкімге,
(Қабілетсіз екенімді кештің бе?)
Содан кейін қасыма кеп отырдың,
«Мұртты ағайдың «отауынан» көштің де.
Сонда сездім,
Кеткен екен тер шығып
«Дедің бе екен:
ән не теңің, өй шірік)
Қиналғаным –
дауысымнан ұялдым,
Қуанғаным –
алдым сені көрші ғып.
Деп бұрында ойлаппын ба ән салам,
(Бәрін істер ғашық болып қалса адам)
Тап сол жолы қысылғаннан, ойпырмай
Той біткенше қарамадым мен саған.
Әлде әзілің,
Әлде мүмкін шын айттың,
Не болса да біліп жатыр бірақ кім?
Бөлінбестей болып кеткен бір күні
Дедің:
сонда даусыңды ұнаттым,
Дедің:
сонда даусыңды қаладым..,
Есіңде ме сол әнім?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу