Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  105


Автор: Ибрагим Иса

Есіңде ме, Тағы бірде кезіктік...

Есіңде ме,
Тағы бірде кезіктік,
Бір-біріміз ойымызды тез ұқтық.
Тартып кеттік Қызылқұмға
(Жақын-тын)
Өзге жұртқа болмас үшін сезікті.
Жамбасына жайсыз тиіп төсегі,
Біздер жайлы жұрттың айтқан өсегі,
Шыдатпады.
Тозақ – құмды бетке алып,
Кете барған себебіміз осы еді.
Артымызда алатындай жау ұстап,
Алдымызда барда пейіш – таныс бақ.
Қол ұстасып бара жаттық құмға еніп,
Өсек бізден,
Біз өсектен алыстап.
Көп жүрдік пе,
Аз жүрдік пе,
Беймәлім,
Көкіректе бір қуаныш,
Бойда ағын.
Жүре бердік,
Жүре бердік,
Арт жақта
Қалып жатты сусылдаған майда құм.
Тек екеуміз,
Екі бейбақ шын ғашық
Келе жаттық жүректі үнсіз тыңдасып.
Кенет жүрер жол таппадық
Жан-жақты
Кеткен екен өркеш-өркеш құм басып.
Біздер үшін керегі де осы еді
Көп отырдық ұлпа құмды төсеніп.
Ешкім енді көре алмайтын ол жерден
Естілмейтін ешкімнің де өсегі.
Құм өртеніп,тас-төбеден күн шыжып,
Біздің тағдыр кете барды «қырсығып».
Жанып бара жатып бір сәт мен сенің
Үнім шықпай атыңды айттым
тұншығып,
Ал сен болсаң қымсынып...
Тап сол жолы алынбадық есепке,
Тап сол жолы ілінбедік өсекке.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу