Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  141


Автор: Ибрагим Иса

Балалық шақ туралы баллада

Әлі есімде,
Он бес шақты үй тұрақты,
Тұратынбыз орталықтан жырақта.
Бар болатын бір мұғалім,
Бір мектеп,
Оның өзі бастауыш-тын бірақ та.
Қашан,
Қашан ер жетеді екенбіз,
Деуші ек қашан орталыққа жетерміз.
Төртіншіні аяқтадық ақыры
Басқарманың баласымен екеуміз.
Орталық пен аулымыздың арасы
Алты-жеті шақырымдай шамасы.
...Күзде атына мінгестіріп басқарма
Орталыққа алып кетті баласын.
Енді оқытпай қалдыруға арланып,
Мені де анам орталыққа барды алып,
Басқарманың баласы мен екеуміз
Басқа жерде бесіншіні жалғадық.
Күн қысқарды,
Белгісі кеп күздің де,
Қолымыздан кетті еркелік –
Тізгін де.
Содан бастап интернатта –
Жырақта
Тұрып жаттық,
Тұрып жаттық біз бірге.
Есімде әлі,
(Ұмытпаппын көбісін)
Жақсы оқыдым,
(Болар мүмкін жеңісім)
Ештеңе емес интернат та,оқу да,
Демалыс күн қиын болды мен үшін.
Үйрене алмай, ауыл жаққа алақтап,
Жүрдік біздер,өтті солай әр апта.
Түстен кейін оқитынбыз,
Сондықтан
кейде кештеу бітетұғын сабақ та.
Сабақтан соң бәрі де үйіне тарасып
Кететұғын,
қалай жалғыз қаласың.
Басқарма да атпен келіп кешірек
Алып кетіп жүрді жалғыз баласын.
Атты аяй ма,мейірімсіз бе өзі әлде,
Айтқан емес бір жақсылық сөз емге.
Мен де бірге қайтайыншы демеймін.
«Жүр» демесін,
Үндемесін сезем де.
«Сен үйіңе қайтатын ба ең, қалай» деп,
Сұрамайтын, жүрсе-дағы талай кеп.
Жөнелетін мінгестіріп баласын
«Бір жерлерге соғатын ем жолай» деп.
«Асығыс не,қайтасың ғой ертең-ақ».
Дейтін кейде көңілімді орталап,
Түк айта алмай,қалатынмын мұңайып
Үйге деген сағынышымды арқалап.
Алып кетер адам да жоқ,
Ат та жоқ.
Анама емес,тағдырыма өкпелеп,
Күн батарда,ауыл жақты бетке алып,
Қорқынышпен шығатынмын жекпе-жек.
Жол шетінде ауыл жаққа баратын,
Безерген бір бейіттер бар болатын.
Орталықтан сол араға жетпей-ақ
Дүниені тұмшалайтын қара түн.
Жалаң аяқ, «Қолыма алып» өкпені
Жүгіруші ем,ауылға тез жеткелі.
Хал-жайымды мүмкін емес түсіну
Сол бейітке жақын келген сәттегі.
Бейіт жақтан естілгендей үрейлі үн,
Бар ойымды бір сұмдыққа тіреймін.
«Жаратқанға» жалбарынып ішімнен,
«Жаратқаннан» іштей көмек тілеймін.
Қорықсам да,жалғыздығымды ескеріп,
Үн шығармай жанарымда жас толы,
Әр бұтаға қарайтынмын қалтырап,
Қарсы шыға келетіндей аш бөрі.
Қаптайды үрей,жарылардай жүрегім,
Екі аяғым –сенерім де,тірегім.
Қараңғыдан
Қорқыныштан қашумен,
Қараңғыға –
Қорқынышқа кіремін.
Болмаса да соншалықты жол қашық
Зорға жетем,
Үрей қуып,
Мен қашып.
Осылайша осы жағдай ай сайын,
Апта сайын өте берді жалғасып.
Одан соң да өтті талай жыл ағып,
Сол бір күндер көз алдымда тұр анық...
Өкпем өшіп мен жеткенде
Басқарма
Жүруші еді атын жемдеп, суарып...
Жақсылықты үйренгім кеп,көргім кеп,
(Баламын ғой)үлкендерге сендім көп.
Ал басқарма әзілдейтін:
«Ой, өзің, батырсың ғой,
қалай қорықпай келдің» деп.
Бала көңіл,
Ой сеңдерім бұзылып,
Қиялымда арғымақтар тізіліп,
Басқарманың өзіне емес
Атына
қарайтынмын,
Қарайтынмын қызығып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу