Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  111


Автор: Ибрагим Иса

Есірткі

Жүрген ел ек бір кезде – дін мен ділге берік боп,
Есірткіге еліктеп, жүрген қазір желік көп.
Жақының да жау болып кететұғын заман бұл,
Ақылың да бұл күнде бара жатыр көбік боп.
Отырасың амалсыз, өз-өзіңнен ойға кеп,
Сұрағы мол заманда зиялылар қайда деп.
Надандықтан құтылып, харамдыққа тұтылдық,
Жалғандықтың сағызын талай жылдар шайнап ек.
Ұлы заман көшіне ілесеміз қалай біз,
Есірткіге құл болды талай ұл мен талай қыз.
Жер-ошаққа үңілген бейшаралар сияқты,
Болашағы белгісіз болашаққа қараймыз.
Жоспар деген көл-көсір,бітіп жатқан іс қайда,
Бақытымыз бір күні басымыздан ұшпай ма.
Шығып алып мінбеге, сайрағаннан пайда не,
Қазір елдің көбінің ойлағаны бас пайда.
Үмітіміз сияқты үзілмейтін ақырғы,
Том-том ғылып шығардық өсиет пен нақылды.
Қанша тыныш таң атты, болсақ дағы сауатты,
Бола алмадық сауатсыз аталардан ақылды.
Ойланатын кез келді, басты босқа қатырмай,
Құламасын армандар жел құлатқан шатырдай.
Мейлі қанша өркенде, жете алмайсыз ертеңге,
Миымызды жаулаған есірткіден құтылмай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу