Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  94


Автор: Ибрагим Иса

Бір ақынсымаққа

Ақындар өтті ойлары өзегінде өлген,
Сасық жыры бар сендейге кезегін берген.
Талант емес, тек қана талабы бардың,
Шықпай жатады жазғаны межелі жерден.
Алла тағала бермеген саған берерін,
Қиялың ғана – алысқа барам дегенің.
Тіріңде қарық болсаң да атаққа қанша,
Жүрекке жарық түсірмес қараңғы өлеңің.
Көрсету үшін елеусіз ақындығыңды,
Өшетін өмір сияқты ақырғы күнгі,
Жанталасасың жабысып атақ жалына,
Ақындық емес, қу атақ – атың бүгінгі.
Атағыңды сап алдыңа биік қарайсың,
Құрық бойламас зымиян қулыққа байсың.
Таланттармен терезең тең тұратындай,
Атақты қалай алам деп ұйықтамайсың.
Халық та біздің қызық қой, (халыққа обал-ақ!)
Өз түсінігімен жүрмейді біліп, бағалап.
Батырлығыңды өлшейді – бұзықтығыңмен,
Ақындығыңды өлшейді – атаққа қарап.
Талантсыздар да алаяқ, қорғаны бекім,
Алаяқтардың қашанда арманы жетім.
Сол атақ деген бұл күнде еш жылуы жоқ,
Жылтырақ киім сияқты тойға киетін.
Сыйлық беретін биліктен ұят та қашқан,
Олар да қазір зымиян қулыққа басқан.
Қотыраштар мен Батыраш бақылап отыр,
Бәйгеге әкеп жабысын сияқты қосқан.
Талғамсыз тобыр санайды ақынға сені,
Ақындар көп деп ақымақ халқың бөседі.
Дәл сендейлердің Жаратқан жазасын берсе,
Арманда кеткен ақындар өкінбес еді.
Жарық жұлдыздар жарқырап көктен жиі ақты,
Аңсаймыз ерте тартылып кеткен бұлақты.
Атағыменен жотасын көрсететіндер,
Қарғы бау таққан асыранды иттер сияқты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу