Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  91


Автор: Ибрагим Иса

Асан қайғыға ақынның айтқаны

Ойлы Ата, келгеніңіз ғажап болды,
Кеудеге өкініш пен азап толды.
Мұсылман жер бетінде көп десек те,
Ермегі кәпірлердің қазақ болды.
Көп қазақ асып кетті іздеп көмек,
Көп қазақ қашып кетті бізге өкпелеп.
Қазіргі қазақтарға мақсат емес,
Қазіргі қазақтарға қызмет керек.
Қазақпыз тек әйтеуір аты халық,
Пейішті қиялдаймыз жатып алып.
Бос кеуде, арзан намыс – сенгеніміз,
Жүреміз қай кезде де қапы қалып.
Қанша жыл жаймағалы керегені,
Қанша жыл тас қапасқа шегеледі.
Ойлы Ата, білесіз бе, кейінгі ұрпақ
Қанша жыл «биссимилла» демегелі.
Бұл күнде балалар жоқ қара сирақ,
Тас үйді мекендедік, қараша үй қап.
Ұрпақтар көбеюде жылдан жылға
Көрмеген әке сыйлап, ана сыйлап.
Әзірге біткен іс жоқ иі қанып,
Сөйлейміз бөтен сөзді қиып алып.
Бүгінің – берекесіз, ертеңің – құз,
Қайтамыз қыл көпірге жиі барып.
Бір жағын етегіңнің басып тұрып,
«Бес жылдық, бір жылдық» деп асықтырып,
Әйтеуір «қарық қылды»...
зарықтырды....
Белгісіз болашаққа ғашық қылып,
Қиямет келді талай елге төніп,
Салдық қой сан боздақты көрге теріп.
Қаптаған харам ойлы қанішерді,
Тұр екен қалай ғана жер көтеріп.
Үйрендік талай жаңа құлқын әнін,
Адамдар қаптап кетті тұрқы мәлін.
Тұз көздер тұздық құйып тың тыңдады,
Жеріме төсеп қойып бір құлағын.
Әйтеуір тастады елді «қарық қылып»,
Бермеді қарызыңды алып тұрып.
Ақыры бәтшағарлар қойды бүгін,
Өзіңе өзіңдікін зарықтырып.
Қонақ көп төріме кеп тұрақтаған,
Қалмады ештеңесі құлатпаған.
Өз жерім өзімдікі еместей боп,
Кейде өзім өзім емес сияқтанам...
Бір жерде бір кездері көргенбіз деп,
Жүріппіз тіріні емес, өлгенді іздеп.
Бәріне енді отырып таң қаламын,
Қалайша көр соқыр боп келгенбіз деп




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу