Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  130


Автор: Ибрагим Иса

Тағы да ел жайлы

60-қа келдім, бұл да бір ойлы мерекем,
Ұға алмай жүрмін, 60 дегенің неге тең?
60 дегенің 60 асу ма деуші едім,
60 дегенің 60-ақ қадам жер екен.
60-қа бейне қоныстанғандай шөл келіп,
60 дегенің көрінуші еді шал болып.
50-ден кеше өткен сияқты ем, кеп қаппын,
Алдымда жүрген Алпыстағыларға мен де еріп.
Деп жатады ел, 60 дегенің – асқарың,
Түк те сезбедім, 60-ын қайдам басқаның.
Есіме түссе, қуанып тұрып қиналам,
60-қа жетпей арманда кеткен достарым.
Шүкір, 60-қа жетпеген де бар, жеткен де бар,
Ұстап қалмаса сырқат деген бір қақпандар.
70-іңе де секіріп жетіп барам ғой,
Көңілімде әлі гүлі жайнаған көктем бар.
Ардақты ұлын азаматы елдің бағалар,
Бағаламаса қасиеті елдің жоғалар.
Алпысын сонау жылдары тойлап жататын,
Еліне барып 60-тағы ақын ағалар.
Соларды көріп 60-қа жетсек дейтін ек,
60-тағы аға жүруші ед елдің көркі боп,
Зар ғылып қойса туған жеріңде тойлауға,
Көңілің құрғыр қалады екен жарты боп.
Қажеті қанша шапаныңның да, атыңның,
Отырмын босқа өткені ме деп пақыр күн.
Өлеңімді оқып, әнімді сүйген жұртымды,
Келіп еді ғой жүздесуге бір шақырғым.
Құттықтап жатыр таныс та келіп, дос келіп,
Біраздан бері жүруші ем елді хош көріп.
Қайтсам деп едім, шарапқа емес, шіркін-ай,
Туған жерімнің ықыласына мас болып.
Құдайға шүкір, кеңіп келеді керегем,
Халқыма сыйлы, абыройлы қылды мені өлең.
Өзімді сыйлап, сөзімді сүйген еліммен,
Кездесіп қайтсам, жүздесіп қайтсам деген ем.
Туған жерім мен туған елім ғой қорғаным,
Өлеңде жүрген мен де бір жайлы жорғамын.
Туған жерінде тойлай алмапты дегеннен,
Менің де онша жеңілдей қоймас салмағым.
Мақтанушы едік, баласымыз деп текті елдің,
Еліміз елі боп кетті шен мен шекпеннің.
Сабақ болар-ау ертеңгі ойлы ұрпаққа,
Жүрегімізді жаралап осы кеткен күн.
Ешкім де тұсап тұра алмайды ғой уақытты,
Бізсіз де талай күн батып, таңдар атыпты.
Данышпан Темір деген ғой Хафиз Кәкімге,
«Ақынын әкім іздейтін елі бақытты».
Ашылар әлі, осылай тұрмас соқыр күн,
Мен осы жырды қиналып жазып отырмын.
Өтеді тойым Алматыдағы сарайда,
Бұл өлеңімді ел-жұртқа сонда оқырмын.
Жерлестерімді бақытты сондай пішінде,
Сағынған кезде жүруші ем көріп түсімде.
Жаратқан ием 60-қа жеткізді-ау деймін,
Осыны көріп, осылай жазу үшін де.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу