Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  116


Автор: Ибрагим Иса

Түнгі өлең

Жарық дүние...
Түнді қуып күн келер,
Сол күнменен оянады пенделер.
Осы түннен табылмаған қызықты
Күн бермесе – кім берер?
Біз білмейміз өмір сыйлар кім бізге,
Айып етпе, түсіп кетсем өзге ізге.
Жаурап бара жатсам кейде ағайын,
Жапырақ деп ойлап қалма күз кезде.
Күрсінемін, күрсінгенмен не пайда,
Салмақ түсер табан менен бақайға.
Ақынмын деп жүруші едім өмірде,
Мені біреу ақымақ деп атай ма?
Атар деймін бүгін атқан таң да ертең,
Көңілімде өмір көркем, ән көркем.
Қысылған бір автобустың ішінде
Сендерменен бара жатам мен де ертең.
Түн дегенің, қасірет пе, қасірет,
Нүкте қойсақ біткен өмір осы деп.
Қараңғыдан шығып жатқан жарыққа,
Бұл дүниенің көші көп.
Таң атты ма?
Шығады ма ғажап күн,
Өтті-ау мені мазалаған азап түн.
Жалғастырған бір түнменен бір түнді,
Мен бір жүрген қазақпын.
Жарық түссе ойлап қалам таң ба деп,
Әлдилейді жүрегімді ән бөлек.
Бәрі керек мынау жарық дүниеде,
Ең керегі – Таң керек!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу