Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  115


Автор: Ибрагим Иса

Нүкте

Көбейуде нүктесіз сөз, сөйлемдер,
Тыныс белгі қоя алмайды өлгендер.
Болды қазір үтір қоя салатын,
Бұған дейін нүкте қойып келгендер.
Үтірден соң «бірақ» пенен «сосын» бар,
«Мүмкін» менен «алайда» ны қосыңдар.
Қай сөйлемге, қай уақытта, қай күні,
Қашан нүкте қойылады, тосыңдар.
Нүкте керек, бізге нүкте көп керек,
Ойларыңды кездестірер жекпе-жек.
Онда өмір не болады, бір күні,
Үтірлер де кетіп қалса өкпелеп.
Нүктесі жоқ сөйлемдерге шашалып,
Мағынасыз талай тірлік жасадық.
Өзінше ой айта алады қашанда,
Әр нүктеден кейін тұрған Бас әріп.
Ережені сақтамаудың кесірін,
Қандай екен, көріп жүрміз осы күн
Қалатұғын түріміз бар-нүктесіз,
Үтірлерге жасай берсек кешірім.
Арамшөптен тазартқандай жер бетін,
Өтеу үшін сөйлемдер өз міндетін.
Нүктелерді қою керек ойыңның
Келістіріп тұратұғын келбетін.
Бұл өмірде нүктесіз,
Ешқашанда көрген жоқпыз біткен іс.
Үтірменен аяқталар ойлардан,
Мағыналы ештеңе де күтпеңіз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу