Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  109


Автор: Ибрагим Иса

Мен де өмірдің ащысын татып келем...

Мен де өмірдің ащысын татып келем,
Көрінбейтін бақытты жатып көрем.
Алып қашып барады айдалаға,
Айтқаныңа көнбейтін уақыт деген.
Көктеп шыққан көктемде аз ба шыбық,
Көктем келсе жүреміз жазға асығып.
Жаз да өтеді, көңілің алып ұшқан
Күз келгенде қалады тез басылып.
Жантаятын күніңді жақындатып,
Қыс та келер, аязын сақылдатып.
Асығамыз белгілі барар жерің,
Соның бәрі сыймайды ақылға түк.
Біз білмейтін көп екен өмір сыры,
Шытынайды қажыған көңіл-шыны.
Еншісінде әр күннің есең кеткен,
Шыр айналған тағдырдың сен ұршығы.
Кереге кең, десек те терезе тең,
Өз өмірің өзіңе неге бөтен?!
Мына қоғам өзіміз аңсап құрған,
Шаршап тұрған біздерге не дер екен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу