Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  179


Автор: Ибрагим Иса

Жер кіндігі - Жаңаарқа

Қазақпыз ғой керегелі,
Бұл сөзімді бекер деме.
Сұлу болмау керек еді,
Сәкен туған мекен неге.
Көрмеген жан шөлдей берсін,
Атты Арқаның талай таңы.
Шын Арқаны көргендейсің,
Көрген кезде Жаңарқаны.
Уақыт босқа өтеді құр,
Түсінбейміз әлі мұны.
Палуандардың мекені бұл,
Жерге тимес жауырыны.
Кезсек дағы сан қырқаны,
Қайтамыз ғой тамсанып құр.
Жаңарқаның әрбір талы,
Әрбір гүлі ән салып тұр.
Болашаққа сөз арнайды,
Жырларымен таң қалатын.
Нашар өлең жаза алмайды,
Жаңарқада туған ақын.
Келеді өсіп талаптылар,
Өшірмейтін өз жарығын.
Күн шуағы тарап тұрар,
Жүздерінен қыздарының.
Ел сөзіне сенгендейсің,
Жоғалады күдіктерің.
Шын қазақты көргендейсің,
Көрген кезде жігіттерін.
Жаңарқаның тұр өңінде,
Бар қасиет аңсап байқар.
Ән салмайтын жүрегің де,
Осы жақтан ән сап қайтар.
Ерлерімен – ел ғұмыры,
Жердің үні жоғалмайды.
Қасиетті жердің ұлы,
Қасиетсіз бола алмайды.
Келе жатқан өсіп елге,
Жоғымыз көп табылмаған.
Сол қасиет осы жерге,
Дарыған да, дамылдаған.
Табиғаттың еркіндігі,
Осы жерден тапқан ағын.
Кейде жұмбақ жер кіндігі,
Жаңарқа ма деп қаламын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу