Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  80


Автор: Ибрагим Иса

Алдаспан

Ел басқарған ханымыз,
Елін сүйген заманда,
Көкбөрімен жанымыз,
Өмір сүрген заманда,
Аққу құсы көл бетін,
Өрнектеген заманда.
Кірлетпеген келбетін,
Сән кетпеген заманда,
Батырлардың саяғы,
Басты имеген заманда,
Тұлпарлардың тұяғы,
Тасты илеген заманда,
Ар-намысын басқаға,
Таптатпаған заманда,
Туған жерге дұшпанын,
Аттатпаған заманда,
Жетімі мен жесірін,
Қорлатпаған заманда,
Анасы мен бесігін,
Ардақтаған заманда,
Арулары ел ішін
Көркем еткен заманда,
Ақыны мен серісін,
Еркелеткен заманда...
Ақсақалдың ақылы
Ұйып тұрған заманда,
Әкімінен ақыны,
Биік тұрған заманда...
Халқымыздың мейрамы
Жаңармаған заманда,
Адамдардың иманы
Жоғалмаған заманда...
Бірімізге біріміз
Күлімдеген заманда,
Тіліміз бен діліміз
Бүлінбеген заманда...,
Абыройың, көркемің,
Шашылмаған заманда,
Әйелдері еркегін
Басынбаған заманда..,
Ұланғайыр өрісің
Сән беретін заманда,
Ұлтарақтай жер үшін,
Жан беретін заманда...,
Қиындықтан беліміз,
Бүгілмеген заманда,
Еліміз бен жеріміз,
Бүлінбеген заманда..,
Қазыналар, қорықтар,
Сатылмаған заманда,
Елін сүйген алыптар,
Атылмаған заманда..,
Алдаспаны-айбыны,
Айбат болған заманда,
Туған жердің байлығы
Қайрат болған заманда..
Азаматтың тілегі,
Лас болмаған заманда.
Өз еліне жүрегі
Тас болмаған заманда..,
Сабақ қой ол маған да,
Сабақ қой ол саған да,
Тоқшылығың-табанда,
Жоқшылығың-жағаңда.
Тіреледі ақылың,
Тірелгендей тоғанға.
Содан кейін ақырын,
Төмендейді бағаң да.
Өтіп жатыр алайда,
Жақсы менен жаман да,
Өмір сүру оңай ма,
Сан құбылған заманда.
Не керегін білесің,
Амалы жоқ адамға.
Өзің сыймай жүресің,
Өзің құрған қоғамға.
Ақиқаттың жолында,
Жағаңа кеп жармасқан,
Жауыздықтың қолын да,
Кесетұғын Алдаспан.
Шығар дейміз жарқын күн,
Туар елдің қорғаны.
Алдаспаны халқымның,
Мұқалмаса болғаны!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу