Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  105


Автор: Ғалымқайыр Мұтанов

Қорқыт үні

Ескіден жоғалмай бізге жеткен
Елде аңыздар көп, жұрт естіген.
Адамдарға маңызды бұл аңызды,
Осы күнге, біздерге Жел жеткізген.
… Табиғаттың тілін тауып,
Сүруге өмір мәңгілік.
Қорқыт ата аралады,
Бар әлемді сарылып.
Аралады орман-тоғай
Дала кезді, теңіз шарлап.
Көтерілді тауға биік,
Табам ба деп мәңгі тұрақ?
Жауап қатты барлығы:
Дүниеде бәрі өтпелі.
Мәңгі емес табиғат,
Өзекті жан өлімді!
Қорқыт ата ойға қалды,
Қолға алып қобызын.
Қылдарына қолын салды,
Білдіруге бар мұңын…
Жел боп гулеп қобыз үні.
Қайғы – мұңды зарлады.
Жеткізуге Қорқыт сөзін,
Бар әлемді шарлады.
Шарасыздық – дүниеде,
Жалғыздық – бұл өмірде.
Өмірді қанша сүйсең де,
Мәжбүрсің одан кетуге.
Мекеніңді өзгерткенмен,
Қаша алмайсың өзіңнен.
Мүмкін емес мәңгі ету өмірді.
Қайда барсаң Қорқыт көрі!
Айнала соққан жел гуілі,
Жел емес, ол – Қобыз үні.
Өсиет боп жеткен сөзі:
Алда әркімнің Қорқыт көрі.
Айнала соққан жел гуілі –
Желмен жеткен Қорқыт үні.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу