Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  134


Автор: Бақыт Беделханұлы

Мұхамедқали Сүлейменұлының рухына

І
... Ақын еді. Жетпеді шын арманға ол,
Шырғалаңға сап қойды шұбалған жол.
Сол жолда солқылдатып сом жүрегін,
Күрсініспен күрмеді соңғы демін.
...Жанарынан жасынды тамшылап от,
Содан соң ұшып кетті қаршыға боп.
Қара өлеңі айланып Хан-Тəңіріге, Биіктік боп шырқады жан-тəнімде.
Шарықтадым.., жер қалды төңкеріліп, Күнді жұтты көк жиек көмкерілік.
«Айдан алқа, жұлдыздан жүзік алдым»,
Жырларымен Қасымның қызынармын.
Жанар тау боп атылып, тына қалып,
Жүрегінен күміс-нұр бұлақ ағып,
Төлеген боп жай оты атыларда
Кермек тағдыр таңдайға татыған ба?
«Ғарыш жаққа кетерде... бір күлетін»
Жағып кетті ірі ақын жырдың отын.
Ойдың өрт құшағында жанып кеткен,
Аққу-қазын ұшырды анық Көктем.
Мен осынау алапат Жасындардан
Жарқыл алдым, шуақ-нұр шашылды алдан.
Адастырмас жұлдызым – Темірқазық,
Пырақ-өлең қарғысын белін жазып.
Жұбын жазбас жүрегім қаз мүсінді,


Тəңір қалай жазбайды мəңгі ұшуды.
...Бұл күндері шау тартқан шабыт та
үстем, Асқақтамай осынау алып күшпен.
Өр елімнен айырылсам – айдынсызбын...
Өлеңімнен айырылсам – айбынсызбын.
II
Пенделікке қарамайтын пысқырып,
Сұр заманға қайтеді ақын сұс қылып.
Өз кеудесі өз бөлмесі – кең сарай,
Табанында қоғам жатыр ысқырып.
Сол шаншытар у ішулі жүрегін.
Жараланған жанның табар кім емін?
Абайы мен Мағжаны бар қазақтың,
...қадірсіздеу жыры едім.
Өзегінде өртенсе де өксігі,
Өкінсе де өмірге жоқ өштігі.
Екі дүние есігінде екі өлең,
Ол да осы – екі өмірдің қос тіні.
Арасында жанның зары тыңдалар...
Тау басында мұнарланып мұң қалар.
Мұңыңды айтып жерге сіңер жылғалар,
Зарыңды айтып көкке ұшады тырналар.
III
Қаршыға жыр қанатында қалықтап,
Алатауды айналып жүр анық бақ.
Хан-Тəңірін тұғыр қылған тас-шеңгел,
Тағдырына тастүлектік танытпақ.
Оң мен солын, күн беті мен түн түбін,
Тербетсін деп сенің жүрек бүлкілің.
Өлім ғана əлдилейтін жаныңа,
Төрт қыбыла бергізбеді бір тыным.
Тыным бермей жүрегіңде тулаған,
Аманат қып тастап кеттің жырды аман.
Сол құдірет солқылдатса кеудемді,
Көктің мөлдір шуағына шырмалам.
Тірлік дейтін тікен торлы шеңберді,
əлдекімдер мəнсап көрді, шен көрді.
Ал қара өлең қасиетіне оранып,
Сол бақытқа басы жетпей... шерленді.
Тəңірінің мейірі ғой қара өлең,
Қара өлеңмен қамшыдай ғып жан өрем.
Кеңсай үнсіз... кең сарайым азалы,
Ақындарын түсінсе деп бар əлем.
Қала, ауылға қоңсы жатар қорымдар,
...О, ол жақта бəріне де орын бар.
Сол мекенге ең соңғы ақын кеткен күн
Дүниені төңкереді тобырлар.
IV
Ділімнің дəнін тіл егіп
Тілекті ақын жыр етсе.
Жарылқаушы Нұры еніп,
Жүрегінде дір етсе.
Ақынға ақын мұң шағар,
Тірліктің айтып мазағын.
Кінəсі бар ма, қылса зар,
Ғадауат толы ғазалын.
Фəнидің мəнін кем ұқтық,
Дүй келіп соған ой-сана.
Немкетті дедік, желіктік,
Қоғамға қор ғып қойса да.
Атағы құрғыр өнердің
Арам шөбіне айналып,
Өзім де бір күн өлермін,
Шырмауығына байланып.
Келер де кетер пенденің,
Пейілін заман тарылтты.
Жолбарыс сынды ерлерім,
Назаландырмай нар-ұлтты.
Абайдай ұлы хакімнің,
Алысқанындай күштімен...
Алып өт, енді ақынның,
Ақ жүрегінің үстімен.
V
... Сен кеткен жылы бесіктен белім
шықпаған
Шырылы шырын сəби ем.
Ер жете келе ернімді кебірсіп қалған
Уға тигіздім, жар-ием!
Сөйтсем ол мəңгі шөлдетер
тұзды өлең екен,
Іздеген екем кермек мұң.
Сізге де бөтен емес-ау, бізге де бөтен
Мұң-зары мынау Жер-Көктің.
Шаңқай түс еді шаттығым шағыр
Күн сынды,
Тастады, кетті тасты ірітіп.
Жазылып ед тасқа тарихым...
Жаным күрсінді,
Жанарындағы жасты іркіп.
Жабығып қалды-ау, мейлі ол мəңгі
өлмейді ғой
Қалмасын рухсыз бірақта.
Тозаққа қайтып талайлар келген
дейді ғой
Той тойлап барып жұмаққа.
Тойлаймыз əлі бар əлем балқығанынша,
Ойлаймыз əрі көзбенен.
Қанымды сорып қағыр мұң
сарқығанынша,
Қайыспын түк те сезбеген.
Сезіндір маған беу, өмір, құдіретіңді,
Безіндір бейпіл тірліктен.
(Адами жүрек жетеді...) Бұ құрметіңді
Өтейін өлең-жыр ғып мен.
Сол жүрегіммен солқылдап жылап
алғасын,
Соңғы деміммен күлейін.
Сонымен сұлу дүние тына қалмасын,
Пəктігін тағы тілейін.
Сол тілекпенен шарласам
сан қияны мен,
Тəңірі жақтан табылам.
Жүрекке сонсоң оралам əн қиялымен,
...Жарылар болса ағынан.
Арманы қалды даламның
əлди-жырында,
Аңсадым, нұрға боя, таң!
Сол əні қазір тербеліп калғиды мұңға,
Құдай-ау, қайтіп оятам?!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу