Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  132


Автор: Бақыт Беделханұлы

Бақсының үйі

Елден ерек жұрттан бөлек шеткері,
Қожырайған қоржын тамда беттегі,
Бір дəруіш ғұмыр кешіп жататын,
Күні, үні иығында кетпені.
...Диқан емес терлеп егін айдаған,
Мұраб емес құлақ-көмей байлаған.
Кетпен қайрап отыратын əлгі адам,
Қапаланып, Күн есен де Ай да аман.
Тағдырының суалғандай тереңі,
Тамырының қуарғандай терегі.
Арзу айтып ауыл жаққа беттесе,
«Бақсы келе жатыр» дейтін, ел оны.
Əлденеге əлі келмей кектеніп,
Айта алмайтын арманына кептеліп,
Ақар-шақар... үнсіз үйге қайтатын,
Қызыл күннің батар тұсын жек көріп.
Жек көрсе де Күн қызарып бататын,
Бататын да тас жігерін уататын.
...Сосын, əлгі оты сөнген өлі үйге,
Тірі сұлба кіріп бара жататын.
Неге екені сол бір үйге мөлдіреп,
Түн баласы Ай қараса елжіреп.
Қасқырша ұлып, жоқтау айтып жылайды,
«Жұлдыздарым таусылатын болды» –
деп.
Сол күндерді бір-бірінен аумайтын,
Жанын жалдап келер күнге жалғайтын.
Сайсүйекті сырқыратқан зарын Ел;
...өз басыңа көрінгір! – деп, қарғайтын.
Қожырайған қоржын тамы бақсының,
Ауыл үшін емес еді жақсы ырым.
Ол жайлы да айтылмайтын тəуір сөз,
Білгісі де келмейтін-ді нақ сырын.
Мұңдас болар кім бар оның мұңын жеп?
Сырлас болар жан бар ма оған бүгін кеп?
Жұрт көзінен ғайып болды бір күнде,
Кетпен ұстап жүретін жан күбірлеп.
Бір пəледен құтылдық – деп, ел күліп,
Еліріп жүр иесіз жанды жер қылып.
Жартыкеш Ай жылап тұрды сол түні,
Бақсы үйінің төбесінен телміріп.
Кімнің жайын ұғар дейсің кім біліп,
Сəлден кейін ауыл кетті дүрлігіп.
Өз үйінен өзі қазып өз көрін,
өліп кеткен дəруішті жыр қылып.
Елден ерек, жұрттан бөлек шеткері,
өз үйінен көрін қазып беттегі,
Үшбухатты қабырғаға сыналап,
Үшбуылып кең дүниеге кетті өзі...
Бұл не сонда... өкпе ме, əлде кек пе еді?
Босағада жазығы жоқ кетпені...
Қабырғаға қасиеттеп, қастерлеп
Мынау еді ойып жазып кеткені:
«Арсыз күлкің – бір кетпен топырақ.
Арсыз құлқын – бір кетпен топырақ.
Біреудің көрін қазып жүріп жиған
Арсыз мүлкің – мың кетпен
топырақ!»




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу