Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  192


Автор: Бақыт Беделханұлы

Сенбі күнгі сергелдең

Сенбі күні серт бұзылу –
Ықылым емес, ықылық атқан
қоғамнан бергі ауыру.
Шемен байлап, жинау екен жүрекке
дерт, жаныңа у!
Табанақы, маңдай терден
табанасты жалтарып,
Ой жоқ, ми жоқ Жан-Арыңды қаңтарып,
Сол сенбіде қиянаттың
қылышынан қан тамып,
Ал, жексенбі өп-өтірік даурығу.
Сенбі күні «Сенбілік» деп алдарқатып
жұрттарды,
Ми ашытар ит тірліктен «Олар...»
солай «құтқарды».
Ал, біздердің арқа сүйер ағалардың
сиқы анау...
Жатты жақтап, жақындарын жасап
жатқан ми-палау.
Жексенбіде демалам деп
демігеді «Бір Құдай»
Жұма күнгі жүгінуден мақұрым
қалған құрғыр-ай!..
Сергелдеңнен сере шығып серт бұздырса
«Сенбілік».
Ақыл-ес пен жүрегіңнен өтеді екен
сел жүріп.
Дəл сол күні көшелерді, көшелі ойды
су шайды,
Қас қылғандай ...қамшы итті,
ит құйрығын жұмсайды.
...Сен сол кезде намысыңнан сыпыртқы
жасап үлгеріп,
Жұмысыңа кірісіп-ақ кеткендейсің
күнделік.
Бөлмей-жармай сауын айтса əкім, қара,
ақын деп
О, ондайда сылтау айтып құтылуға
қақың жоқ.
Ол жұмыстың сəні де жоқ сəл азырақ
əн етпей,
Əндетесің, қылбұраулы əдебінен
əрі өтпей.
Көз алдыңда көлбеңдейді қаны қызыл
көк жалау,
Көкейдегі ойың да сол, жамау-жамау,
көп жамау.
«Жыртық үйдің құдайына» ...сенер
сенбес көңілмен,
Бір Шаһардың «Құдайына»
қол созасың сеніммен.
Сосын əлгі... азаматтық міндет санап
əр істі,
Күресінге тастайсың кеп,
нас басты деп намысты.
Түбі тесік шелекпенен су тасисың
құрдымнан,
Сайтаныңның сапалаған көрмеу үшін
қылғынған.
Қоқыстардың бəрін өртеп
көшедегі үйулі,
Шіренесің, бір боқтап ап, бықсып
жатқан үйіңді.
Тазарғандай болғанымен қоқыс аула,
лас көше
Солқылдаған миыңдағы сорың
қайнап жатса ше?!.
Жақсы да жоқ, жаман да жоқ. Ақ пен
қара – бір нəтте.
Кемсітуге қақың да жоқ.
Келісесің, бұл гəпке.
«Сенбілікте», семсер ұстап семіп-сөнген
Ұл қанша,
Отан үшін отқа түскен
Отаны жоқ құлдарша.
Дəл осындай «бақытты» күн
сор-қайғыңды сүйрелеп,
Жылайсың-ау, қара көзге қара шыбын
үймелеп.
Үйіңде де ойлайтының осы болып
күнбе күн,
Төрт қабырға зəреңді алар көп боп кетсе
білгенің.
Сенбі күні ібіліс пен сайтандардың
күбірі...
Естілгенде үзіледі бір мықтының
ғұмыры.
...Ажалды да сатып алып, тобасы жоқ
тобырға,
Біреу табыт жасатып жүр сенбіліктің
соңында.
«Елімдегі-белімдегі жүк...» деп біреу
қарады.
Жұрт түсінбей күліп келіп, жылап кетіп
барады.
...Маһшар болмай азапқа сап, мазақ
еткен тіріні
Сол, баяғы,.. сол, тағы да... «Сенбілік»
қой – бұ күні!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу