Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  244


Автор: Бақыт Беделханұлы

Сен мені жазғыра көрмеші

Арманымнан адастырдың деп,
Тағдырыммен таластырдың деп,
Таусылтып, тарықтырдың деп,
Жанымды жабықтырдың деп,
Жүрекке жұп болып жүріп,
...жалықтырдың деп,
Сен мені жазғыра көрмеші?!.
Жастығымды жарға жықтым деп,
«Жаным» дегенге малданыппын деп,
Ақын деген бір ақымақ əлем,
Арбаған сайын алданыппын деп,
Өмір көшіне ілесе алмай,
Қосымды жолда аударыппын деп,
Сен мені жазғыра көрмеші?!.
Сапарлап кетсең, сағынбайсың деп,
Сағынбай келіп дамылдайсың... деп,
Өз ошағыңды – болашағыңды
Атүсті ғана қабылдайсың деп,
Тіліңді сауып, тіленіп тапқан
Аурудан енді жазылмайсың деп,
Сен мені жазғыра көрмеші?!.
Онсыз да менің қалмай барады тамтығым,
Жын иек болып, жан кеміреді жалқы мұң.
Көзқарасыңмен өлшенер менің бар құным,
Бағалай алсаң қолыңда тұр ғой, алтының…
Бағаламасаң бақыр бас ердің нарқымын.
Онсыз да менің қалмай барады тамтығым,
Сен мені жазғыра көрмеші, Жарқыным?!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу