Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  155


Автор: Бақыт Беделханұлы

Қабағыңа мен сенің қарай бердім...

Қабағыңа мен сенің қарай бердім,
Қараған сайын мұңға қамай бердің.
Шыға алмай қапастан
Шашыңдай шатасқан
Қайғыңды тарай бердім.
Осылай мұң шағысып мезгілсіз.
Сен де үнсіз, жабырқап, мен де үнсіз.
Бір ысып, бір суып,
Сезімге тұншығып,
Тағдырға талай көндім.
Көндім дағы қайғыға қамалғанмын,
Құтылар қанат байлап қамалдан кім?
Қанаттан қайырылып,
Тағаттан айырылып,
Талайға таланғанмын.
Жазмыштың жазылмаған жұмбағын,
Мен сенің жүрегіңнен тыңдадым.
Сол жұмбақ мазалап,
Жанымды жазалап,
Төгілген жанардан мұң.
Айыптайсың, сонда да мін тағасың,
Пендеміз ғой, іздесең кір табасың.
Қарабұлт төндіріп,
Жандырып, сөндіріп,
Булықтым, бұрқағасын...
Мықшиған жүрегіндей мылқаудың,
Шын бақытын сезіне алмай шырқаудың
...Жылауды кім қаласын?!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу