Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  108


Автор: Бақыт Беделханұлы

Шаһарнаме

Жаннəт қақпасы жабылмай тұрған
кезі ме?..
Жоқ, Адам-Ата пайғамбардан бері ме?.,
...Қабырғам Һақ нұрымен бүрлеген
кезде де,
Кіндігімнен Ібіліс-сайтан үрлеген
кезде де,
...Бұл Шаһар – Біздікі болатын.
Қабыл Абылды өлтіргенде де,
Ібіліс, алғашқы жеңісін тойлап
желпінгенде де,
Жүз жиырма төрт мың пайғамбарларды
Жаратқан жерге келтіргенде де,
...Бұл Шаһар – Біздікі болатын!
Жүрегіміз мұз боп тұрса да,
Жігеріміз құм боп тұрса да,
Заманалардың Жезтырнақ-желі
Кеудемізді тырнап тұрса да;
Əйтеуір, бұл Шаһар – Біздікі болатын!
Қан қасап замандарда да,
Ақжем боп жаман қарғаға,
Қар-рқ етіп ұшып, жоғалып
Жолықтық зауал-зарға да;
Бəрібір, Бұл Шаһар – Біздікі болатын!
2
Біздікі болатын Бұл – Шаһар,
Ұшы-қиыр, шет, шектеуі мүлдем жоқ.
Бірте-бірте боп кетерін мұнша тар,
Біле алмадым, ...білгем жоқ!
Бір-бірінің Шаһарларын тонарда
«Жарты құдай» боп кететін патшалар.
Құдай жалғыз екендігін оларға,
Айтпаған ба, сонда, басқалар?.
Арланымның көкке ұлыған азуын,
Тұлымды ұлға тұмар қылып таққанда.
Болар ма еді, болмас па еді жазығым
Сол тұлымды ұл соңғы үмітті жаққанда!
Сіңірімнен суырылған сірі жіп
Күдерімнен бұрын солай үзілді.
Ібіліске иілмеген ірілік,
Шаһарында шарт сынды ма бүгінгі?
Опық та жедім, (ой, Алла-ай...)
Ақыл-түлен, Ес-түлей;
Құранымның құзырында бола алмай,
Құлағымның сыбырын да естімей!
Бұл Шаһарды бұлдайтындай кімің бар,
Жүрегінде Құдайы жоқ пенделер.
...Айдан-сəуле, Күннен-шуақ – Нұрымды ал,
Жүрегімде иманым бар, ел көрер!
Лəй-и-лə-һə ил Алла деп басталған
Иман-нұрға толып тұрса, Шаһарлар!
Жолаушылар жолға шығып аспаннан...
Бұл Шаһардан басталмас па сапарлар!
Күллі адамның күмілжіген ындынын
Періштелер махаббатқа дүй қылып.
Алла ауылына ап кетсе ғой күн бұрын,
Мешіттегі азан-жырға сыйдырып.
3
Біздің Шаһардың Күні шығыстан шығатын, Айы батса да батысқа барып тынатын. Жұлдыздары бар – жүмле-ғалам шырағы
Жарқырап тұрар Алланың айтып мың атын.
Біздің Шаһардың жұмақтай
еді – бұл елі.
Мөп-мөлдір, таза бұлақтай еді – жүрегі. Қызының сөзі – Қызырдың сөзі болардай
Періште-көңіл, шырақтай еді – нұр-өңі.
Біздің Шаһардың патшасы тіпті
болмаған,
«Патшамын!» деген, талай пендесі
сорлаған.
Жүректің ғана əмірін тыңдар оғланы
Шаһарда мынау жүрегін ғана қорғаған.
Азаматтары сатылмайтын да
сатпайтын.
Қазанаттары далақтап босқа
шаппайтын.
Таулары биік, даласы асқақ, бұл – Шаһар
Күн менен Түнге есігін мəңгі жаппайтын.
Біздің Шаһардың шетсіз де шексіз көлемі,
Абыз боп туған ақсақалдары көп еді.
Зынданның ауызын Ар-намыспенен
бекітер,
Е, біздің Шаһардың Абақтысы да жоқ еді.
Қоңыр далаға қорасыз қойын өрбіткен,
Мылтықсыз аңын бөктеретұғын өрлікпен.
Түленсіз жəне түрмесіз біздің Шаһарда
Жұмаққа ғана апарар деп ем жол біткен?!.
(Сол Шаһарымның алдынан неге
сор күткен?)
Заманның зарпы зарлы,
Алды-құз, арты-жарлы.
Менің мұңсыз Шаһарымды,
Сенің мінсіз Шаһарыңды,
Олар неге тартып алды?!.
Олардың Шаһарында,
Орын жоқ атан-ұлға.
Əн қылып айтарың жоқ
Мəңгілік сапарыңда.
Ұйыстық, ұйпаландық,
Жіберді бұрқаған бұлт;
Қыздарын – шеге-тұяқ,
Ұлдарын – құл-табан ғып.
Ал, содан соң,
Жеті түннің аспанынан,
Жеті қат жер тастарынан,
Жеткен бізге жеті иесіз
Жер үстінде бастады ылаң;
Екі көздің түймесін бырт-бырт үзіп,
Мөп-мөлдір суы кетіп, сұғы қалды.
Алқымымның түймесін
бырт-бырт үзіп,
Құлқынымның құл қылып
құнын алды.
Кіндігімнің түймесін бырт-бырт үзіп,
Сықпытымның уызын сығып алды.
Қос қанатым – бар еді, дін мен ділім
Жарқанат жарғағындай түрі қалды.
Ар-намысым бар еді Алдаспандай
Қолымда қой үркітер қыны қалды.
Өр рухым да бар еді бөрі тектес
Е, оның да Айдан басқа кімі қалды?..
Сұмдығы – сөз-патшасы тақтан тайып,
Тілдің де қуаты жоқ дымы қалды.
Жеті ағайын жұт келіп,
жұрдай қылып,
Жұртта мені қалдырып, қыбы қанды.
Барынан айырылған сірі жаным
Сіресіп қалай ғана тірі қалды?!.
Сонда да сүйрелеп кеп сүлдерімді.
Көремін көні кепкен сүрлеуімді.
Сосын, осы Шаһарда шаршап жүрем,
Айталмай, қалай өмір сүргенімді...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу