Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  226


Автор: Бақыт Беделханұлы

Махамбеттің монологы

Ай, ішімдегі ала құс,
Сыртымдағы қара құс,
Қай азапқа салсаң да
менің жаным тарамыс.
Тарамыстай болғанша
Біз бір енеден он едік
Онымыз атқа қонғанда,
Жер қайысқан қол едік.
Біз бір енеден тоғыз ек,
Тоғызымыз бірге жүргенде,
Тау толқытар теңіз ек.
Біз бір енеден сегіз боп,
Септесіп жүрдік серт беріп,
Арман мен тілек егіз боп.
Біз бір енеден жеті едік,
Жетеуміз бірге жүргенде
Желпініп жүрдік кетердей
Жеті қат жерді көтеріп.
Біз бір енеден алтауда
Байландық ала арқанға.
Біз бесеуде бел кетті,
Хан тізеге басты еңіретті,
Бес саусағым бүгілмей
Бірте-бірте бытырлап,
Сынғанда сенің нең кетті?!
Біз бесеуден төртеу қап,
Табанымыздан өрт аунап,
Үшеуден екеу қалғанда
Жалғыз қалдырып жалғанға
Зарықтырған дүние-ай,
Исатайдай тарланға.
Омпы дүние өң беріп,
Ойлағаным оң келіп,
Алшы да түссе арманым
Арман бар ма еді арманға!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу