24.05.2022
  115


Автор: Бақыт Беделханұлы

Өтеуіл

Дастарханда шайқатылып, ширығып,
Шайды ұрттады көмекейін күйдіріп.
Сол күні атам келінінің қолынан
Көп шай ішті, қайта-қайта құйдырып.
Сеңгіріне шықса дағы сексеннің,
Бір сергітіп маңдайдан жел ескен күн.
Азаттықтың аспаны мен ауасы
Жұпарына татымастай еш жердің.
Қарияның жанарынан жалт берді,
Көрген қорлық, тартқан азап,
кешкен мұң.
Албырттанып алаулайды от боп бір.
Сол бір оттан кететіндей көктеп қыр.
Өткен күннің өкініші, қайғысы
əттең, бірақ денесінде оқ боп тұр.
Тəн жарасын талақ етіп тап сол күн,
Құдіретімен айыққандай жақсы емнің.
Жан жұмағын сезінді-ау, бір ақсақал
Ара жігін ажыратып бақ, сордың.
Қуанғаннан қуат қосып қуатқа,
Əжіміне нұр сіңдіріп шуақта.
Көзін жұмып отырды атам ойланып,
Кіріп бара жатқандай-ақ, жұмаққа...
Талықсытып кеткендей бір тасқын кеп,
Есексайдың өзеніндей тас гүрлеп,
Көз алдынан өтіп жатты өткен күн
Тағдырының тақсіретін тəпсірлеп.
2
Көк тазысы көлденеңдеп мына бір,
Беткей жақта құлын мүсін құла жүр.
Төбесінен бір шаңқ етіп айналып
Қыраны ұшар, аңға заулап құлағыр...
Жержады боп алған жанға ешқашан
Құпиясын жасыра алмас қыр, адыр.
Сəн-салтанат – саятшылық дүрмегі,
Салбұрыннан саяқ шықан түндері.
Саумалынан бір саптыаяқ сіміртіп,
Сап тиылып, сараңданған қыр лебі.
...Бəрі, бəрі, бəрі есінде солардың
Аяғына жүрсе оралар ілгері...
Сосын, соғыс... елдің соры, бағы ма?
Қару ілді ердің қолы-қарына.
...Құмай тазы қу далада құлазып,
Қыран-бүркіт келе алмады бабына.
Ал, Құласы құрық тиіп басына
От боп жанды жалын байлап жалына.
Бұл үшеуін былайғы жұрт қадірлеп,
Өтеуілдің балаушы еді жанына.
Соғыстан соң, ...сүйреп басып аяғын,
Тағдырындай көріп балдақ-таяғын.
Ауылына жеткен кезде алқына,
Қасіреттің айтайын – деп – қай əнін?!
Құмайының көріп, аман – аянын,
Құласының өлген естіп баянын.
Қыранының шаңқ еткен сол үніндей
Жүрегінен аспанға атты жай оғын.
Кəрі құмай оралады балдаққа,
Кінəлідей сары шинельді солдатқа.
Енді ешқайда кетпеші! – деп итиіп,
Теріс қарап, телміреді тау жаққа.
Өтеуілдің өзегіне шоқ салып,
Жанарынан жас аунатты аулақта.
Дəл осылай көк тазымен мұңдасып,
Үнсіз ғана келе жатса қырды асып.
Сары шинель мен сары балдақты
көре сап,
Ауыл иті қарсы алушы ед шуласып.
Ал, көк тазы аңдап басып адамша,
Өтеуілмен келуші еді бірге асып...
Арсалаңдап алқын-жұлқын жүрмейтін.
Маңайына мағынасыз үрмейтін.
Дүрегейше тамақ көрсе, жұтынып,
Ашкөзденіп бұлғаңдауды білмейтін.
Аңға шықсаң айызыңды қандырып,
Қашқан аңын қапелімде жүндейтін...
Бүктетіліп жататұғын іргеңде.
Иесіне адал естілік бар бұл жерде.
Тектілігін жоғалтпаған асылзат
Жаман итше үйде тұрып үрген бе?
Бұл көк тазы Көк түріктен бері қарай
Төріндегі жетіқазына – білгенге!
3
Бір күндері құйыны кеп дауылдың,
Шаңырағын шайқап кетті ауылдың.
«Итатқыштар» Көк тазыны жоқ қылды
Ұңғысына жұтқыза сап қарудың.
...Соғыстан соң солқылдатқан жүрегін
Өтеуілге болды мынау – ауыр күн.
...Естігенде тұнып қалып құлағы
Жалт-жұлт етіп, маңдайда қос шырағы,
Қолындағы лақтырып қос балдағын
Атқа асылып, екі ұмтылып құлады.
Үш дегенде ұшты-кетті пырағы...
Тазыны атқан қылқындырып мəңгүртті
«...Ит емес, ол – тазы ғой!» – деп, жылады.
«...Босжүрген ит – құтырған ит» – дегендей,
Əлгі мəңгүрт айғайлады көмейлей.
Ал, Өтеуіл өрттей жанып өң-жүзі
Қансыз жанға қара бұлт боп төнердей:
– Ықылымнан келе жатқан ырысым,
Шайқалғаны керек болды ей, кім үшін?!
Қай атаңнан көріп едің тазыға
Қарғы байлап, ұстап жүрген жіп ұшын.
...Құрысын! – деп, қатып қалды шемендей.
Содан бері жіби алмай жүр еді.
Түнеріп-ақ тұратын-ды түр-өңі.
Бүгін, міне, тақсыр-күннің тамаша
Жақсы адамға жасалғандай бір емі.
Əдемілеп келінінің Өтеуіл,
Шайын ішті – жадырады жүрегі.
Əжіміне нұр сіңдіріп шуақта,
Қиялымен кетті алысқа-жыраққа.
...Қыран салып, құмай қосып қиқулап
Шырға лаңы боп жататын қыратта.
Аңнан қайтса жан бітіріп тауға да,
Ауылдағы жұрт назарын аудара,
Қызылтөбе сауырындағы соқпақ жол
Сорғалап кеп жайылатын аулаға.
Аулаға əкеп бар олжасын жаятын,
Ол олжаға жұрт көңілі тоятын.
Содан кейін қыр басында қылтиған
Айға қарап аят оқып қоятын...
4
Сол соқпаққа көп жылдан соң жан бітті.
Жалғыз ұлы əке жолын жаңғыртты.
Өтеуілдің үзілгені жалғанып,
Содан бері кеш – ырысты, таң – құтты...
Таңнан тұрып жолдың қамын ыңғайлап,
Албырттанып алма бетте нұр жайнап,
Аңға кетсе, қайтушы еді кешқұрым,
Қанжығасын қандап, көңіл бір жайлап.
Тағы міне, соқпақ жолмен шұбаған,
Құйрығына шаң сүйреткен бір адам.
Келе жатыр дүрліктіріп ауылды,
Олжасы бар қанжығада сұлаған.
...Кім болды екен, кім болды екен бұл адам?!
Ауыл иті түгел кетті дүрлігіп,
Не үре алмай, сырттандығын білдіріп.
Бір талайы безіп кетті аулаққа
Құйрықтарын бұтқа қысып булығып.
...Тірі арланды қанжығаға өңгерген
Өтеуілдің баласы еді бұл жігіт.
– Өтеуілдің өзі бопты – десті жұрт.
Алаң көңіл аннан-мұннан естіліп.
Улап-шулап балалар жүр қызықтап,
Тұтқындағы тірі арланға сес қылып.
...Бұл не шу? – деп, шарбақ жаққа жүгірді
Байғұс апам арқа белін бес бүгіп.
...Тəңірім! – деп, тасқа барып отырды,
Ескі өмірден келе жатқан естілік...
Ат үстінен аудара сап арланды,
Аманат ұл аттан түсіп қамданды.
Ат дорбадан үш бөлтірік шығарып,
Пəлесі-ай! – депжерге аунатып, ...паңданды.
Жанарынан жасын ойнап, ал, арлан
Бұғауынан бір-екі рет қарманды.
...Жанарының қуат күшін шыбын жеп,
Арлан жатыр өн бойында діріл жоқ.
Бөлтіріктер қамсыз ғана тырбаңдап,
Үміт қылып үрпі іздейді уілдеп.
Ал, Аманат анасының қолынан
Айран ұрттап, мəз боп отыр күлімдеп.
Өтеуіл шал қарайып ап қанына,
Сап қамшысын соғып отыр санына.
Ал, кемпірі бір пəлені сезгендей
Жақынырақ бара алмай тұр жанына.
«Өтеу ұлға аманат боп біткен ұл
Не сорақы бастап берді тағы да...»
Осыны ойлап Өтеуілдің жанары
Сəл жабырқап, Арлан жаққа қарады;
...тұмылдырық, төрт аяғы байлаулы,
Ызалы жүрек қос өкпесін қағады.
Үш бөлтірік таудан іздеп тағдырын
Тұмсығымен түрткілейді ауаны.
Жан түршігер жақын түгіл жат көріп,
Өтеуілдің шемен-шері жатты еріп.
Əлгі арланды əңкі-тəңкі боп жүріп,
Иіскегенде жаңа туған лақ келіп;
Бар пəрменмен бір ышқынап бұрқ етті,
Арлан-жүрек өзін-өзі қақ бөліп.
Өзін өзі құрбан қылды намыстан.
Жүрек тұстан гүр-р етті бір «Арыстан».
Лақ та лағып кетті алаңсыз, қарамай
енесіне мекіренген алыстан.
...Қамшысымен қара жерді қақ тіліп,
Өтеуіл шал өрт шыққандай қамыстан:
«Босат! – деді – тұмылдырық, бұғаудан!
Босат! – деді – шынжырдан да шылаудын!
Босат! – деді – қорлық пенен азаптан
Тектілігін жоғалтпайды тірі арлан!
Босат! – деді үш бөлтірік-күшігін
Пұшпақ-шапан кигізбек пе ең бұлардан?!»
Байғұс ана шыр-пыр болып арада
Күйіп-пісіп күбірлеп жүр жыларман...
«...Əй, балам-ай, əй, балам-ай, балам- ай!
Тірлігің-ай, шалағай...
...Бүгін ғана жадыраған шалымды
Қандай күйге салдың, Алла-тағала-ай?!..»
Ештеңені түсінбеген баласы
Аң-таң боп жүр, шақша басы шарадай...
Ал, Өтеуіл күрсінісін көтеріп,
Қырға кетті алды-артына қарамай...
Қаз тұрғаннан қатар кешіп сор, бақты
Жадыраған күні де көп болмапты.
Құрсаулы күн – құсалы мұң боп келіп,
Алқымына ажырғы-азап орнапты.
Тұмылдырық ту жүрегін тулатқан,
Қасқырдай ғып қанша заман қорлапты.
...Сұп-сұр болып сіңір-саусақ, кəрі қол
Кеуде тұстан іздеп тұр-ау сол уақты...
Жас бұлау бар тауқыметпен ел көрген,
Тас-бұғау бар елмен бірге ер көрген.
Намысы үшін жан алысып жан берген,
Арыстардың асылдары жерленген
Мың қасірет, мың қайғыны бөлісіп,
куə болған жерлерден,
Бір əңгіме сұрағысы келгенмен,
Сұрай алмай жылағысы келгенмен...
Жыламады, сұрамады Өр кеудең!..
Содан кейін күңірентіп жер-көкті,
Сол арланды қыр басына жерлетті.
...Үш бөлтірік еркіндік ап атадан
Тауға қарап танауларын желдетті.
...Көп ұзамай сол тəккапар өр таулар
Өтеуілді жүрегінде тербетті...
5
...Созсам қолым жетпей шыңға, шығанға
Айналып-ақ кеткім келіп қыранға,
Құмай кезген құла-дүзге бір сəтте
Құлап түсіп, қайта орнымнан тұрам да;
Аһ ұрғызған арман жүгін артқанда,
Өкініштің қасіретін тартқанда,
Жылай алмай кірпігіме мұз тоңып
Отырамын арқа сүйеп Қарт-тауға...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу